Айзат Жұманованың аяусыз өлтірген күйеуі 14 жылға сотталды

Айзат Жұманованы аяусыз өлтірген Айбар Жанболатқа сот үкімі шықты. Ол 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұқара тағайындалған мерзімді тым аз деп бағалап отыр, ал кейбіреулер мұндай қылмыстарға жазаны қатаңдату керек деп есептейді.
Айта кетейік, жәбірленуші тарап үкімге қатысты апелляциялық шағым түсірмек. Заңгерлердің айтуынша, егер сотта ескерілмеген мән-жайлар болса, жаза мерзімін қайта қарау мүмкін болады. «Апелляциялық сатыда шешімнің өзгеруі нақты дәлел-дәйектерге байланысты», — дейді мамандар.
Қоғамда резонанс тудырған Айбар Жанболатқа қатысты қылмыстық іске бүгін нүкте қойылды. Ол өзінің заңды некедегі жұбайы Айзат Жұманованы асқан қатыгездікпен азаптап өлтірді деп айыпталды.

ӘДІЛЕТ БАҚЫТОВ, СУДЬЯ:
— Айбар Қайратұлы Жанболатты ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабында 1-бөлігінде көзделген құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 14 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын ҚАЖ орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленсін.

Алайда Айбар Жанболатқа қатысты шығарылған үкіммен марқұм Айзат Жұманованың туыстары келіспейтіндерін айтты. Апелляциялық шағым түсірмек.

АРМАН ШӘРІПОВ, АДВОКАТ:
— Моральдық зиянға қатысты өтініш тек ішінара қанағаттандырылды. Жәбірленуші тарапқа міндеттелген 20 миллион теңге зардапты толық өтемейді. Сонымен қатар іс материалдарында ерекше қатыгездік белгілері бар, марқұмның жүкті болуы да мүмкін. Алайда тергеуде назардан тыс қалды, сарапшылар салғырттық танытты деп ойлаймын.

Айта кетейік, әуелде бұл іс «Абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабымен тіркелген еді. Қосымша сараптама жүргізгеннен кейін іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігіне қайта сараланып, «Адам өлтіру» бабына ауыстырылды. Аталған бап бойынша ең жоғары жаза 15 жылды құрайды. Сот айыпталушыға 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот шешіміне қатысты заңгерлердің де пікірін сұрадық.

СОВЕТ АЛТАЙБАЕВ, ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КРИМИНАЛИСТИКА КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Қылмысты ауырлататын мән жайлар, дәлелдемелер болып жатса, қайта қаралуы мүмкін. Жәбірленуші тарап шағымдана алады. Қандайда бір мән-жайлардың негізі болса, жазаның түрі өзгеруі мүмкін.

Қылмысқа қатысты сот үкімінен кейін әлеуметтік желіде қызу пікірталас басталды. Желі қолданушының басым бөлігі тағайындалған жаза тым жеңіл деп бағалалады. Кейбірі мұндай қылмыс үшін жаза қатаңдатылуы керек деп есептейді.

Сотта ескерілмеген мән-жайлар болса, жаза мерзімін қайта қарау мүмкін болады. «Апелляциялық сатыда шешімнің өзгеруі нақты дәлел-дәйектерге байланысты», — дейді заңгерлер. Сол сияқты аса ауыр қылмысқа қатысты сот тағайындаған жазаның белгілі бөлігін өтемей, шартты түрде босату мүмкін емес.
Естеріңізге салайық, қанды оқиға Жетісу облысының Ақсу ауданында маусымның 22-сі болған. Отбасылық жанжал кезінде күйеуінің соққысынан Айзат Жұманова көз жұмды. Сот процесінде марқұмның туыстары оның жүкті болуы мүмкін екенін жеткізген, алайда сарапшылар бұл мәліметті растамады.
———————————————