Бүгін Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қайырымдылықтың қайырын бас пайдасына асырған ерлі-зайыпты Тотақановтарға үкім кесті. Олар науқас баласының еміне деп халықтан 1,3 млрд теңге жинап, жылжымайтын және жылжымалы мүліктер сатып алған. Құмар ойынға жұмсап, тіпті банкке депозитке салып, пайда тапқан.
Ел басына күн туғанда, арнайы қор ашып, алаяқтық жасағаны үшін сотталған Перизат ісінен кейін бұл қайырымдылықтағы тағы бір шулы іс. Ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтар жиналған 1,3 млрд теңгені жеке қажеттіліктеріне жұмсапты. Сот деректеріне сәйкес, олар жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер, 8 млн теңгеге жер телімдері, бірнеше қымбат автокөлік сатып алып, 350 миллион теңге қарызын жапқан. Науқас баланың еміне 6,4 миллион теңгесі ғана бұйырыпты. Сотта соңғы сөзін айтқан Толқын Тотақанова мұның барлығын жоққа шығарды.
Толқын Тотақанова, айыпталушы:
— Құрметті сот, менің әрекеттерімде жаман ниет болған жоқ. Біз байып кетуді мақсат еткен жоқпыз. Бізде элиталық пәтерлер де, қымбат көліктер де жоқ. Тергеу де, тексеру де бізде миллиардтардың жоқ екенін дәлелдеді. Екі бөлмелі пәтеріміз бар, оның өзі банкке кепілге қойылған. Құрметті сот, мен бұл жағдай үшін денсаулығыммен, беделіммен тым ауыр баға төледім. Біз бұл ауыр жолды алты жылдан бері өтіп келеміз. Алты жылдан бері ұлымыздың денсаулығы үшін күресіп жүрміз.
Ұлымның денсаулығы үшін күресіп жүрміз деген отбасы 4 жыл бойы қайырымдылықтан түскен қаржының бір бөлігін банкке депозитке салып табыс тапқан. Аса ірі алаяқтық жасады деген ерлі зайыптыға бүгін сот үкім кесті.
ҚАНАТ ТОБАҒАЛИҰЛЫ, СУДЬЯ:
— Сот үкім кесті. Тотақанова Толқын Орынғазықызын Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Аса ірі мөлшерде алаяқтық»), сондай-ақ 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыруы») бойынша тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны орындау 2 жылға кейінге қалдырылды. Оның жұбайы Даулет Тотақанов та 7 жыл арқалады. Ол қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде жазасын өтейді. Бірақ бұл жазамен ерлі-зайыпты мен туысқандары келіспеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.