Қарт әкесін ұрып-соққан ер адамға қатысты сот жүріп жатыр

Түркістан облысында қарт әкесін ұрып-соққан ер адамға қатысты сот жүріп жатыр. Марқұмның ұлы Алмас Садақбаев денсаулыққа қасақана зиян келтіру және дәрменсіз адамды қинау бабы бойынша айыпталып отыр. Сотта бірнеше адам куәлік беріп, әлеуметтік желіде тараған бейнежазба қаралды.
Шардара ауданында қарт әкесін сабаған ер адам ауыл мешітінде азан шақырып, соңғы жылдары мәдениет үйінде жұмыс істепті. Алмас Садақбаевқа қатысты іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр. Күдіктінің әкесін ұрып-соғып жатқанын көрші үйдің қыздары видеоға түсіріп алыпты. Сотта айыпталушы судьядан видеоны түсіріп, таратқандарды жауапқа тартуды сұрады.

АЛМАС САДАҚБАЕВ, АЙЫПТАЛУШЫ (БЕТІН ЖАБУ КЕРЕК):
— Қарт адам болған соң, әбіржиміз, қиналамыз. Ашуым шығып кетеді, айғайлап қоямыз. Соны түсіріп, таратқанша, айтсаңыз болар еді: «Не боп жатыр, жәрдем керек па?» — деп. Жағдайды көріп отырсыз ғой.

Марқұмның мұрны мен қабырғалары сынған, денесінің бірнеше бөлігінде ауыр жарақаттар анықталған. Қарияның денесіне жүргізілген эксгумациялық сараптама осындай жан түршігерлік деректерді ашып көрсетті.

Көршісі видеоны ауыл дәрігеріне жіберіпті. Дәрігер ауыл әкіміне көрсеткен. Сотта куәлік еткен Гүлжан Чукманова видеоны көргенін растады.

ГҮЛЖАН ЧУКМАНОВА, АУЫЛ ДӘРІГЕРІ, КУӘГЕР
— Бірінші барып көрген кезде дене жарақаттары болмады. Бейнежазбаны көргеннен кейін ауыл әкімдігіне барып айттым. «Атаның медициналық шағымы жоқ, бірақ баласымен сөйлесіп қойыңыз», — дедім. 2 қыркүйек күні жұмыс уақытында Алмас: «Папам ауырып жатыр, әлсіреп кетті, су да ішпей қойды», — деп хабарласты. Барсам, атаның аяқ-қолы мұздап қалған. Тек мойын тамырында пульс беріп тұрды. Жағы қарысып, көзі шүңірейіп кеткен.

Үнемі соққы алған зейнеткердің қабырғасы мен мұрны сынып, миы шайқалған. Мемлекеттік айыптаушы тергеу анықтаған деректермен бөлісті.

Ал желіде тараған бейнежазбадағы әйел, марқұмның келініне қатысты ұрып-соғу бабымен қаралған іс дәлелденбеуіне байланысты қысқарғаны белгілі болды. Айта кетейік, келесі сот отырысы 14 қаңтарда жалғасады.
———————————————