Теміртауда 1956 жылы салынған екі қабатты тұрғын үйде төтенше жағдай тіркелді. Үйдегі бос тұрған пәтердің төбесі опырылып түсті. Ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл пәтер жекешелендірілмеген. Қалалық әкімдіктің меншігінде тұр. Тұрғындардың айтуынша, үй жылдар бойы жөндеу көрмегендіктен әбден тозған. Көп жылдан бері бос тұрған пәтердің жағдайы да бақылаусыз қалған. Осыған байланысты үй тұрғындары жергілікті әкімдікке жүгініп, апатты жағдайдағы тұрғын үйге қатысты шұғыл шара қабылдауды сұрап отыр.
ЛЮБОВЬ БУТОРИНА, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қазір бұл пәтердің төбесі құлап, барлық кірпіші еденге түсті. Енді мұның менің төбеме құлап кетпейтініне кім кепіл? Бұл – бір. Екіншіден, жылыту құбырлары қатып, жарылып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда менің пәтерімді су басады.
СӘУЛЕ ҚАНЫШЕВА, ТҰРҒЫН ҮЙ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен ғимаратқа техникалық тексеру жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі қажет. Техникалық тексеру нәтижесінде үй апатты деп танылмаса, белгіленген тәртіпке сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қарастырылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.