Мұхтар Әуезов атындағы театрдың 100 жылдық мерейтойы кітапханада өтеді

Мұхтар Әуезов атындағы театрдың 100 жылдық мерейтойы қара шаңырақта емес, кітапханада ұйымдастырылады. Себебі қаржының жоқтығынан театрдағы қайта жаңғырту жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Соңғы кездері осы мәселеге қатысты әлеуметтік желі де түрлі ақпарат тарап жатыр. Театр жөндеусіз қала ма? Министрлік өкілдері не дейді?
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театры сәулет ескерткіші ретінде көпке танылған мына ғимаратта орналасқан. Алайда соңғы жылдары нысанның келбеті көңіл көншітпейді. Бұл түсінікті де, өйткені мұнда реконструкциялау жұмыстары басталған.

Депутат Сергей Пономарёв жақында театрда болып, жағасын ұстаған. Қазір өнер ордасында мүлгіген тыныштық. Құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

СЕРГЕЙ ПОНОМАРЁВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл – мен үшін ерекше нысан, себебі осында жұмыс істедім. 1980 жылдары құрылысына ат салыстым. Әрине, ғимарат тозған. Сондықтан реконструкция қажет болды. «BI Group» компаниясындағылар 7 миллиард теңге өз қаражысын құйып, шаруаны бастаған. Алайда артынша жұмыс тоқтады. Шығындарды оңтайландырғаннан кейін есептелген сома 45 миллиард теңге болды.

Депутат: «Нысанды қайта жаңғырту үшін, бұл қаржы жеткіліксіз», — дейді. Ал «BI Group» компаниясы өкілдерінің айтуынша, жөндеу 2024 жылдың қарашасында басталып, 2025 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасқан. Қазір ғимараттың шатыры жаңаланып жатыр. Өнер ордасының басшылығы бұл жағдайға қатысты сұқбат беруден бас тартты. Есесіне көпті толғандырға сауалға Мәдениет министрлігінің өкілдері түсініктеме берді.
«Нысанды қайта жаңғырту тоқтатылған жоқ. Жыл енді басталды. Сондықтан белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыстарды жалғастыру үшін қаражат бөлінеді. Нысандағы жөндеу жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. М. Әуезов атындағы театрды қайта жаңғырту оның тарихи және мәдени құндылығын сақтай отырып, толық көлемде аяқталады».
Биыл Әуезов театрына 100 жыл толады. Қалай болғанда да, бірегей нысандағы жөндеу жұмыстары мерейтойға дейін аяқталмайды. Сондықтан айтулы датаға орайластырылған салтанатты шара Ұлттық кітапханада өткізілмек.
———————————————