Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Болгария елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшысы Болгария елшісі арқылы Президент Румен Радевке сәлемін жолдап, оның былтыр елімізге жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынасқа айтарлықтай тың серпін бергенін айтты. «Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Саяси, сондай-ақ экономикалық бағыттағы ықпалдастық аясын кеңейту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз», — деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Джули Стаффтпен әңгімелесу барысында АҚШ-қа жасаған сапары табысты өткенін ықыласпен еске алды. «Президент Дональд Трамп мырзамен достық рәуіште мазмұнды әңгіме өрбітіп, келіссөздер жүргіздік. Таяуда біз телефон арқылы емен-жарқын сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастығымызға қатысты көптеген мәселені талқыладық. Мені жыл соңында Құрама Штаттарда өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтамын. Біз көптеген саладағы стратегиялық серіктестігімізді дамытып, нығайтуға күш саламыз», — деді Мемлекет басшысы.
ДЖУЛИ СТАФФТ, АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:
— Менің ойымша, біз барлық салада тығыз ынтымақтастық орнатып келеміз. Соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Трамп арасындағы қарым-қатынас өте жақсы. Соңғы рет қос президент Вашингтонда қараша айында кездесті. Жақында телефон арқылы сөйлесті. Екі ел арасындағы байланыс одан әрі нығая түседі деп үміттенеміз. Жақын арада президенттер тағы да кездеседі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.