Абыз кенішіндегі шахтер қыз. Қарағандыда жер астындағы ауыр жұмысты әнмен еңсеріп жүрген еңбекқор кеншіні түсіруге рұқсат бермеді. Қауіпсіздік үшін. Алайда оның жетістігі жер үстінде жүргендерді таңғалдырған.
Ақерке Өскембек – шахтада бес жылдан бері жұмыс істеп жүрген маман. Негізгі мамандығы – мұғалім. Бірнеше жыл ұстаздық еткен, алайда жұмысын күрт өзгертіп, өндіріске кірісті.
АҚЕРКЕ ӨСКЕМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ТҰРҒЫНЫ:
— Өзімнің университетімде ұстаздық қызмет атқардым. Жалпы өзіме, білім беріп жүргенде студенттеріме толыққанды көңілім толмады. Абыз кенішіне жұмысқа қабылдандым. Геомеханик боп жұмыс істедім, ол кезде 3-ші санатты болдым. Қазір 5 жыл ішінде ең жоғарғы санатқа өтіп, осы кеніштің бас маманы ретінде жұмыс істеп жатырмын.
Жұмыс ауысымды. Физикалық және эмоционалды тұрғыдан ауыр. Бірақ Акерке күнделікті тірлігін ән айтып жеңілдетеді. Тіпті вокалдық жарыстың бірінде жеңімпаз атанған.
ӘБІШ АСҚАРОВ, АҚЕРКЕ ӨСКЕМБЕКТІҢ ӘРІПТЕСІ:
— Қыз басымен осындай еркектер жұмыс істейтін жерде еңбек етіп, халқына қызмет етіп жүр. Өзі әнші қыз, үнемі көңілді жүреді. Алдымыздан аға деп қарсы алып жүреді. Еңбегіміз жана берсін! Ақеркеге ақ жол!
Ақерке Өскембектің іс-әрекеті – еңбек, мінез және шығармашылықты бірге алып жүрген тұлғаның көрінісі. Шахтер қыз осылайша көпшілікті баурап жүр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.