Майбалық ауылындағы өрттен үш адам қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысындағы Майбалық ауылында үй өртеніп, құтқарушылар жеткенше шатыры опырылып құлаған. Қиранды астынан үш адамның мәйіті табылды. Қайғы жұтқан тұрғындар сұхбат беруден бас тартты. Айта кетейік, бұл – жыл басынан бергі 11-ші өрт оқиғасы.
Майбалық – Петропавлдан 170 шақырымнан астам жерде орналасқан ауыл. Кеш бата мұндағы үйдің бірі отқа оранған. Өрт сөндірушілер көрші елді мекеннен мұнда бір сағат дегенде жеткен. Алайда ол кезде баспананың шатыры опырылып, күлі көкке ұшқан. Құтқарушылар екі адамның денесін түнде, ал екі жасқа толмаған бүлдіршіннің мүрдесін бүгін күндіз алып шықты.
НҰРБЕК ҚАЙЫРЖАНОВ, АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:
— Қызыл жалын 64 шаршы мерт аумаққа жайылды. Оны ауыздықтауға 6 техника және жеке құрамнан 24 адам жұмылдырырылды. Ауданнан да көмекке мамандар шақыртылды. Баспана түгі қалмай жанып кеткендіктен, мәйттерді іздеп-табу оңайға соқпады.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр сымының қысқаша тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Үш адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал мәйіттің барлығы сот медициналық сараптамаға жіберілді. Аудандық әкімдік өкілдері қайғыдан қан жұтқан отбасына жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.

АЗАМАТ ШӘРІПОВ, М. ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Оқиға орнында бірден жедел әрекет ету штабы құрылды. Қазір жалғыз қалған әйелге психологиялық-медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жерлеу рәсімін ұйымдастырып, материалдық қолдау көрсетеміз. Келіншекке жергілікті шаруашылықтардың бірі уақытқа баспана ұсынады.

Жалпы өткен жылы өңірде 500-ден астам өрт оқиға тіркелген. Салдарынан 35 адам қаза тапты. Ал жыл басынан бері аймақта болған бұл – 11-ші өрт.
———————————————