Түркістан облысында жарылыс салдарынан зардап шеккен екінші адам қайтыс болды. Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орнында болған жарылыстан денесінің 90 пайызын күйік шалған 20 жастағы жігіт қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Дәрігерлер барын салса да, зардап шеккен науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Бұл ақпаратты жергілікті әкімдік растады. Марқұмның денесі жер қойнына тапсырылды. Еске салайық, 1 қаңтарда, көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы дәмханада газ баллоны жарылып, өрт шыққан. Оқиға орнында 18 жастағы студент көз жұмып, тағы төрт адам ауруханаға жеткізілген еді. Екеуі – кәмелет жасына толмаған бала. Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.