Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысының өліміне қатысты сотталған үш жасөспірім бостандыққа шықты. Сот шешімімен, оларға тағайындалған нақты жаза шартты жазаға ауыстырылды. Бұған жәбірленуші тараптың жазаны жеңілдету жөніндегі өтініші негіз болған. Марқұм Нұржан Сыдықтың отбасы моральдық шығынның өтелгенін мәлімдеген. Естеріңізде болса, қайғылы оқиға 2023 жылдың қыркүйегінде Темір ауданына қарасты Қопа ауылында болған. Жоғары сынып оқушылары 14 жастағы баланы ауыл шетіндегі қараусыз қалған моншада соққыға жығып, кейін ол алған жарақатынан көз жұмған. Жасөспірімдер бір мектепте оқыған. Оқиғадан кейін марқұмның туыстары білім ордасында ұзақ жылдар бойы буллинг пен әлімжеттік барын айтқан. Бұл резонансты іс бойынша кәмелетке толмаған 6 жасөспірім сотталды. Үшеуіне бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілсе, қалған үшеуі 6 жыл 8 айға сотталған. Алайда кейін бұл жаза шартты мерзімге ауыстырылып, сотталғандар бостандыққа шықты.
ЖАНСАЯ ТАЙЫРОВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Сотталғандардың кәмелетке толмағандығын, кінәсін мойындағанын, іс әрекеттеріне өкінгендігінің жәбірленуші тараппен медиациялық келісім жасағандығын және сотталғандардың жазасын жеңілдетуді сұраған жәбірленуші тараптың пікірін ескере отырып, сот алқасы шартты түрде жаза тағайындау туралы шешім қабылдады. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.