Жедел жәрдем қаржысын үш жыл бойы қалтасына басып отырған. Астанада жедел жәрдем бекетінің директоры мен тағы үш қызметкер бюджет ақшасын ұрлады деген күдікке ілінді. Келтірілген шығын – 850 млн теңге. Қылмысты елорда прокуратурасы жоспарлы тексеріс кезінде әшкереледі. Ақша қалай ұрланған?
Астанадағы жедел жәрдем станциясында көп жыл бойы бюджет қаржысын жымқыру схемасы іске асқан. Қылмысты прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті әшкереледі. Тергеу мәліметінше, заңсыз әрекеттер үш жыл бойы 2020 жылдан 2023 жылға дейін жалғасқан. Станция қызметкерлері әлі тозбаған автокөлік бөлшектерін есептен шығарып, жедел жәрдемге қатысы жоқ немесе мүлде көрсетілмеген жалған қызметтерге келісімшарт жасаған. Соның салдарынан жедел жәрдем көліктері қажет бөлшектерсіз қалып, кейбірі мүлде істен шыққан. Сөйтіп, Астана тұрғындарына көмекке шығуы тиіс машиналар гаражда тұрып қалған. Бұл іске қатысы бар деген күдікпен станция директоры мен 3 қызметкер қамауға алынды.
ДИНАРА ТӨКЕЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРОР КӨМЕКШІСІ:
— Төрт қызметкер, оның ішінде 2 орта буынды басшылар мен станция директоры ұсталды. Көрсетілген түлғалардың әрекеттерінен мемлекетке 850 млн теңге сомасында аса ірі залал келтірілген. Олардың іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің «Кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған аса ірі мөлшерде бірнеше рет иемденiп алу», яғни ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 189-бабы 3-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары бойынша сараланды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қазір ұсталғандардың үшеуі қамауда отыр, ал біреу қолхатпен босатылған. Олар соттың басталуын күтіп отыр. Күдіктілердің кінәсі расталса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Прокуратураның ақпараты бойынша, жедел жәрдемнің автопаркі қалпына келтірілген. Бірақ ол қай қаржыға жасалғаны белгісіз. Сол жылдары жедел жәрдем көліктерінің шақыртуларға бармауынан қанша адам зардап шеккені де беймәлім. Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасына сұрау салдық, жауабын күтеміз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.