Ауа температурасы 30-38 градус аязға дейін төмендейді

Астана қалың жауған қар астында қалды. Түнімен жауған ақ үлпек таң ата қарлы боранға ұласты. Ауа райының күрт нашарлауы автокөліктердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жүріп тұруын қиындатты. Жол тазарту жұмыстары да қауырт жүріп жатыр. Көшелерді қардан аршып, жолдарды тазартуға бірден 3 мың жұмысшы, 2 мың арнайы техника шыққан. Жол апаты да жиіледі. Алда сарышұнақ аяз келе жатыр.
Кеше жаңбыр жауса, бүгін қар қалың түсті. Ауа райының бұлайша құбылуы жұртты әбден әбігерге салды. Жерді аппақ қар жапқанымен, көктайғақ адым аттатпай, жұрт әбігерге түсті. Коммуналдық қызмет те күшейтілген режимге көшкен. Негізгі жолдар мен қоғамдық көлік бағыттары барынша тазартылып жатыр. Ал аулалар мен үй маңдарын ретке келтіруге тұрғын үй кооперативтері жауапты. Жол үстінде көлік апаты да көбейген. Әйтеуір зардап шеккендер жоқ.

НҰРЛАН ҚАПАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Тек осы тәулік басталғалы елордада 60-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қалың қар түсіп, ауа райының күрт нашарлауына байланысты байланысты Астана қалалық полиция департаменті жол қозғалысы кезінде сақтық жасау керектігін ескертеді. Жүргізушілер арақашықтықты сақтап, жылдамдықты асырмауына кеңес береміз. Жүргіншілер де арнайы белгіленген жолдармен жүріп, сақтық жасауға тиіс.

Құбылмалы ауа райы енді аязға ұласатын сияқты. Синоптиктер алдағы күндері сақылдаған сары аяз күтіп тұрғанын айтады.

ЛАУРА ӘЗІЛҚИЯСОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ:
— Қазақстан аумағына суық антициклон жылжып келеді. Ол республика аумағы арқылы жылдам қозғалып алдымен солтүстік өңірлерде кейін еліміздің басқа аймақтарында да ауа температурасының айтарлықтай төмендеуіне әкеледі. 14 қаңтарда солтүстік 15 қаңтарда шығыс өңірлерінде түнгі уақытта ауа температурасы 30-38 градус аязға дейін төмендейді.Қатты аязға қарамастан антициклонның жылдам жылжуы желдің күшеюіне де себеп болады.

«Елдің солтүстік жартысында жел екпіні 28 метрге дейін жетеді. Сондықтан сақышұнақ аязға қарамастан ақтүтек боран да соғуы күтілуде», — деп болжайды синоптиктер. Қазірдің өзінде еліміздегі кейбір республикалық және облысаралық маңызы бар жолдар жабылып, жылдамдық шектеулері де енгізілді.
———————————————