Шымкентте ер адам пышақтап өлтірген Нұрай Серікбай ауылында жерленді

Шымкентте ер адам пышақтап өлтірген Нұрай Серікбайдың денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмның жаназасы Төрткүл ауылында шығарылды. Ал полиция тәулік бойы іздеп, күдіктіні ақыры қолға түсірді. Ол қала сыртындағы жазық аймақта жүрген.
Қаланың қақ ортасында кісі қолынан көз жұмған 21 жастағы Нұрай Серікбайды бүгін жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Үйдің кенжесін Төрткүл ауылында жер қойнына тапсырды.

21 жастағы студент қыз қысқы демалысқа үйіне келіпті. Күдіктімен өткен жылы жазда танысқан екен. Ал қазан айында 28 жастағы ер адам бойжеткенді алып қашқан. Алайда туыстары полицияның көмегімен алып кетіпті. Бірақ күдікті қызды аңдуын тоқтатпаған
АЙГҮЛ САҒЫМБЕКОВА, НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АНАСЫ:
— Қызымнан айырылып отырғаныма жүрегім күйзеліп отыр. Толықтай жазасын алсын, ату жазасына берсін! Өмір бойына сотталса да жаным ашымайды!
КӘРІМ КЕНЖЕТАЕВ, НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ ТУЫСЫ:
-Телефонмен қорқытады, үркітеді екен. Сөйтіп, подъездің алдында күтіп отырған. Болмаған соң ата-анасы прокуратураға, полицияға арызданған екен. Бірақ олар шара қолданбаған.

11 қаңтар күні кешке Шымкенттегі тұрғын үйлердің бірінің маңында ер адам бойжеткенді өлтірген еді. Дүкенге шыққан қыз үйіне қайта оралмады.

ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Жантүршігерлік қанды қылмыс дәл осы жерде болған. 21 жастағы қызды ер адам қуып жүріп, алдымен көпқабатты үйдің қабырғасына сүйеп, кейіннен жерге жатқызып пышақтаған. Бойжеткен сол жерде тіл тартпай кетті. Қылмыс болған аумақ алғашында қоршауға алынған еді, алайда қазір жағдай қалыпты. Адамдар еркін жүріп жатыр. Қазіргі таңда аула толықтай ашық.

Қылмысты көрген куәлер де бар. Сөздерінше, ер адам өзін біреудің байқағанын біліп қашып кеткен, кейіннен қайта келіп, «ісін» аяқтапты. Ал қыздың жан дауысы шыққан мұндай ұрыс алғаш рет емес екен.

ДИНАРА ТІЛЕУБЕРДИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Екеуі мына жақтан жүгіріп келді. Содан қызды ұрып, пышақ тыққан. Бір келіншек жұмыстан келе жатып, айқайлап: «Әй, не істеп жатырсың? 102 шақырамын», — деген кезде, жігіт қорқып қашқан, кейін бір минут болмай қайтадан келіп, тағы да 3-4 мәрте пышақ тыққан. Осыдан екі-үш күн бұрын сондай айқай-шу болған екен.

Қазір қызды өлтірді деген күдікті ұсталды. Жедел-іздестіру барысында ұсталған ер адамды қала сыртынан табылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

ЕРНАР АЛТАЕВ, АБАЙ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық жерде анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Кенже қызынан айырылып қара жамылған отбасы әділдікті талап етеді. Олар баласын аңдып жүріп, пышақтап өлтірген кінәлі адамды қатаң жазалауды талап етті.
———————————————