Оралда дәрігерге шабуыл жасалды. Жұдырық жұмсауға дейін жеткен жанжал бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Ер адам көпсалалы облыстық ауруханада қызмет ететін маманның жағасынан алып, бірнеше мәрте итереді. Кикілжіңді көрген өзге дәрігерлер дереу араша түсіп, екеуін ажыратып алады. Артынша оқиға орнына полиция шақырылып, құқық бұзушы ұсталды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Айта кетейік, медицина мамандары енді заңмен қорғалады. Оларға зиян келтіргендерге жауапкершілік күшейтілді. Тиісті заңға өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
НҰРЖАН ҚУАНҒАЛИ, ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бейнебақылау камерасындағы жазбалардан медициналық қызметкер мен ер адам арасындағы жанжал болғаны көрінеді. Полиция қызметтік міндетін атқару кезінде медицина қызметкеріне күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.