90 қала мен 6 мыңнан астам ауылда су проблемасы шешілген

Халықты ауызсумен толық қамтыдық. Бүгін Үкімет отырысында Су ресурстары министрі мен Құрылыс вице-министрі осылай деп есеп берді. Олардың айтуынша, қазір еліміздегі барлық 90 қала мен 6 мыңнан астам ауылда су проблемасы түбегейлі шешілген. Бірақ суды тасып ішетін ауылдар әлі бар. Олар қашан суға жариды?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Сенесіз бе, 73 ауыл жақында бірінші рет орталық су жүйесіне қосылған. Бүгінгі Үкімет отырысында суға жауапты шенеуніктер Президенттің халықты ауызсумен толық қамту жөніндегі тапсырмасын орындадық деп мақтанды. Бұған бюджеттен 835 миллиард теңге жұмсалған. Бұл ақшаға 34 қала мен 756 ауыл орталық су жүйесіне қосылды. Әйтсе де суды әлі күнге дейін көлікпен тасып ішетін ауылдар бар. Халқы аз кейбір елді мекен түрғындары жеке скважинамыз бар деп орталық су құбырын өткізуден бас тартқан.
Ал 4-5 түтіні бар елді мекенге су құбырын тарту қаржы жағынан тиімсіз. Ондай ауылдарға ауызсуды көлікпен жеткізуден басқа амал жоқ.

Елді ауызсумен 100% қамтып, қарық болдық дегенімен, ауыл шаруашылығына да су керек. Су министрі оңтүстіктегі шаруаларға биыл Тоқтағұл суқоймасында ылғал аз екенін ескертіп отыр. Біздің тарап былтыр Өзбекстан билігімен Сырдарияның суын пайдалану туралы кесілімге келгенімен, қоймадағы қор екі елге жете ме деген сұрақ бар.

НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Тоқтағұл суқоймасының деңгейі 1 сәуір 6,5 млрд-қа дейін түсіп кеткен деп тұр. Ол – өлі деңгей. Егер ауа райы жақсы болса, жаңбыр жауса, әрине, су келеді. Бірақ біз сол қауіпті көре отырып, бүгінгі күні шаруа қожалықтарына айтып жатырмыз. Қауіп болғаннан кейін шаруа қожалықтары дайындалуы керек.

Сондықтан министр тұрғындар мен шаруаларға суды үнемдеп ішейік, оны заңсыз пайдалануды доғарайық деп үндеу тастады. Су үнемдеу технологиясын пайдаланатын қожалықтарға Үкімет 80%-ға дейін субсидия беруге дайын.
———————————————