Қазақстандықтарға зейнетақыдағы артық қаражатты емделуге алуға тыйым салынды

Қазақстандықтарға зейнетақыдағы артық қаражатты емделуге алуға тыйым салынды. Бұл шешім желтоқсан айында қатерлі ісікті емдеуге зейнетақы жинақтарын жаппай алу жағдайларына байланысты қабылданды. Әсіресе радиохирургия қызметіне төлем жасауға өтінімдер күрт көбейген.
Бір айдың ішінде қазақстандықтар қатерлі ісікті емдеуге 7 мыңнан астам өтініш берген. Ал бұған дейінгі барлық жылда мұндай жағдайлар бар-жоғы 500 рет қана тіркелген. Бұған дейін «Отбасы банк» зейнетақы жинақтарын стоматологиялық және пластикалық операцияларға пайдалануға шектеу енгізген болатын. Артық қаражатты медициналық қызметтерге пайдалану бойынша өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқаны жайлы қаржы ұйымының ресми сайтында хабарланды.
«2026 жылғы 12 қаңтарда сағат 19:00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында БЗЖ есебінен емделуге өтінімдер қабылдау тоқтатылады. «Отбасы банкі» Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, БЗЖ есебінен медициналық қызметтерді алуға қойылатын талаптарды қайта қарайды және зейнетақы артықшылықтарын мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру тетіктерін пысықтайды. БЗЖ-ны пайдалану арқылы емдеуге өтінімдерді қабылдауды қайта бастау туралы талаптарды түзету аяқталғаннан кейін қосымша хабарланады».

«Зейнетақы жинақтаушы»қорындағы қаражатты заңсыз пайдалану деректері де анықталуда. Қаржылық мониторинг агенттігі стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылған заңсыз әрекеттер бойынша 42 тіс клиниканың қылмыстық схемасын әшкереледі. Мәлім болғанындай, сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз шығарылған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Медициналық ұйымдардың дәрігерлері жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу арқылы дәрігерлік консультациялық комиссиялардың жалған қорытындыларын берген. Күдіктілерден алынған заңсыз сыйақының жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі бірқатар тергеп-тексеру басталды. Бұған дейін хабарланғандай, өз зейнетақы жинақтарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейді.
Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ ізін жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан. 11 күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынып, тағы үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
———————————————