Солтүстік Қазақстан облысы елімізде сүт өндіру бойынша екінші орынға шықты. Аграрлы аймақта егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы қатар жанданып келеді. Қазір Жаппай соңғы үлгідегі тауарлы сүт фермалары бой көтеруде. Солардың біріне Германиядан асыл тұқымды төрт түлік жеткізілді.
Солтүстік Қазақстан – түгін тартсаң майы шығатын берекелі өңір. Қазір аймақта егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы қатар өркендеген. Сондай ферманың бірі Буденное ауылында бой көтерді. Оған Германиядан асыл тұқымды, сүтті бағыттағы мал жеткізілді. Айта кету керек, 165 ірі қара Қарағанды облысына дейін әуе кемесі арқылы тасымалданды.
ОЛЕГ КОЛОДЬКО, ШАРУА:
— Сәуір айына дейін 660, ал жазда мал басын мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ферма толық қуатқа көшкен кезде 80 адам жұмысқа орналасады. Ал бұл жобаның жалпы құны 10 миллиард теңгені құрап отыр.
Голштин тұқымының өнімділігі жоғары, жергілікті өңірдің климатына төзімді келеді. Жауаптылардың сөзінше олар тәулігіне 40 литрге дейін сүт береді.
ЮЛИЯ ВЕЙБЕР, ЭКСПОРТ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕР:
— Алғашында Қазақстанға көбіне етті бағыттағы ірі қараны жеткізумен айналысқан едік. Қазір енді сүтті сиырларға сұраныс артып отыр. Бұл дегеніміз елде сүт өнеркәсібі қанат жайды деген сөз. Сондықтан біз мұндай жобаларды қуана қолдап, әріптестік орнатуға дайынбыз.
Қазір теріскейде 118 тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Оның 50-і соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Айта кетейік, елімізде пилоттың жоба алғаш рет теріскейде жүзеге асырылған болатын. Қазір оны өзге облыстардың шарулары да қолдап жатыр.
ТАЛҒАТ НАУРЫЗБАЕВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл фермада жасанды интеллект элеметтерімен табынды басқарудың автоматтандырылған жүйелері енгізілген. Бұл желілер сүт өндірісінің барлық кезеңін, яғни жем-шөп дайындаудан бастап, сауу, жануардың денсаулығын және өнім сапасын бақылауға дейін толық қамтиды. Солтүстік Қазақстан тәжірибе тарату бағдарламасы бойынша бізге 2023-2024 жылдары 23 млрд теңге ақша бөлінген. Соған біз 23 жобаны, сүт өндіру фермаларын кіргізгенбіз.
Ресми ақпарға сүйенсек өңірдегі ірі қара саны 264 мыңнан асады. Оның 61-мыңы – асыл тұқымды. Аймақ сүт өндірісі бойынша елімізде екінші орынға тұрақтады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.