Қара шатқалға шыны көпір салу жұмыстары басталды

Алматы облысының Кеген ауданындағы Қара шатқалға шытынау эффектісі бар шыны көпір салу жұмыстары басталды. Шатқалдың үстінен тартылатын әйнек көпірдің ұзындығы 200 метр болады. Жұрт аузында «Қара каньон» аталып кеткен бұл туристік нысанның инфрақұрылымын жақсартуға жалпы құны 3 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Қазір туристерді күтуге арналған орталық салынып бітті. Жоба сәтті жүзеге асса, мұнда жылына 600 мың демалушы келеді деген болжам бар. Өйткені Көлсай көлдерін тамашалауға өткен жылы осыншама турист келді. Мамандарының айтуынша, көркі көз тартатын әсем де сұлу табиғатымен ерекшеленетін Кеген өңіріне 2025 жылы 1 млн саяхатшы ат басын тіреген. Оған көршілес Қырғызстан Республикасымен арадағы «Кеген-Түп» шекара бекетінің ашылуы оң әсер етті. Бір ғана осы шағын бекеттің өзінен былтыр 180 мың турист өткен. Ал биыл Тұйық ауылындағы сарқырамаға электр желісі тартылып, Қайыңды көліне қатты жамылғылы жол төселеді. Сонымен қатар «Көлсай-1» және «Көлсай-2» көлдеріне аспалы жол тартылады.
———————————————