Мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, оқушының қызығушылығын арттыратын тың жаңалық Астанада пайда болды. Елорда мектептерінде балалардың өз қолымен құрастырған ақылды роботтар сабақ беруге көмектесіп жүр. Тіпті өзі қазақ тілінде сөйлейді екен.
Темірбекті құрастыруға жас өнертапқыштарға төрт ай уақыт кеткен. Алғашқы кезеңде құрылғының қаңқасы сызылып, кейін қажет бөлшектер жиналған. Соңғы айда робот толық құрастырылып, іске қосылған.
АҚНИЕТ АЙТЖАН, ОҚУШЫ:
— Апайларға көмектеседі. Қосымша сабақтарда қолдануға болады. Мұны жасауға 4 ай уақыт кетті. Оның бірінші айында қаңқасын сыздық, екінші айда материалдарын алдық, үшінші айда құрастыруға кірістік. Төртінші айда Темірбек толықтай дайын болды.
Ақниет Айтжан – Астанадағы №74 мектеп-гимназиясының оқушысы. Оның айтуынша, робот оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырып, мұғалімнің жұмысын жеңілдетеді. Темірбек тақырыпты бірнеше рет қайталап түсіндіре алады. Құрылғы бағдарламалау тілі арқылы жасалған, смартфонмен басқарылады. Болашақта роботқа қозғалтқыш орнатып, өздігінен жүретіндей ету жоспарланған.
АЙДАНА АЙТЖАНОВА, МҰҒАЛІМ:
— Мен Темірбекті күнделікті сабағымда қолданамын. Жаңа тақырыпты қызықты етіп түсіндіруге көмектеседі. Кейбір оқушылар бір сұрақты қайта-қайта қояды, сол кезде робот мұғалімді алмастырып, түсіндіріп бере алады.
Ақылды робот әдеби шығарма мен өлеңді де мәнерлеп оқи алады.
Ал Астанадағы №115 «Келешек мектебінің» оқушылары инклюзивті білім беруге арналған робот-көмекшіні құрастырған. Ол көру қабілеті төмен және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың мектеп ішінде еркін қозғалуына көмектеседі. Қазір құрылғының негізгі модульдері дайын, жақын уақытта қолданысқа берілмек. Сонымен қатар №109 мектеп оқушылары жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін тағы бір роботты таныстырды.
ҚОЖАХМЕТ ИБРАГИМОВ, ОҚУШЫ:
— Бұл роботтың аты – Одиссей. Ол сабақ барысында чат GPT секілді кез келген сұраққа жауап береді. Біз оны ағайым және досым – үшеуміз жасадық.
Биыл елімізде жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осыған байланысты шәкірттердің робототехника бағытына деген қызығушылығына ерекше ден қойылмақ. Білім беру ұйымдарында инженерлік ойлауды дамытуға бағытталған жоба көбейіп, оқушылар заманауи технологияларды ерте жастан меңгеруге мүмкіндік алуда.
АЙДАНА АЙТЖАНОВА, МҰҒАЛІМ:
— Оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Өздері бөлшек тауып, құрастырып, нәтижесін көргендегі эмоциясы ерекше. Сондықтан біз жасанды интеллект бағытына басымдық беріп отырмыз.
Айта кетейік, биыл қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.