Әкесін ұрып-соғып, ақыры өлтірген Алмас Садақбаев кінәсін мойындады

Түркістан облысында әкесін аяусыз соққыға жығып, өлтірді деп айыпталған Алмас Садақбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Жетісай аудандық сотында мемлекеттік айыптаушы күдіктіні 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ол сотталушының бір емес, бірнеше рет әкесінің денсаулығына зиян келтіргенін мәлімдеді. Ал айыпталушы Алмас Садақбаев соттан жеңіл жазалауды өтінді. Ол кінәсін толық мойындап, өз ісіне өкінетінін айтты. Енді жақындарына қамқор болуға уәде берген күдікті әкесіне істегендері үшін барша қазақ елінен кешірім сұрады.
Еске салсақ, қайғылы жағдай өткен жылдың тамыз айында Шардара ауданында болған. Алайда бұл жайт туралы көршілер түсірген бейнежазба әлеуметтік желіге тараған соң ғана белгілі болды. Қарт әкесін сабаған ер адам қылмыстық кодекстің денсаулыққа қасақана зиян келтіру және дәрменсіз адамды қинау бабы бойынша айыпталып отыр.
АЛМАС ӘЛІ, ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
— Әкесі Есіркеп Садақбаевтың денсаулығының нашар болуы, өздігінен жүріп тұра алмауынан физикалық күш қолданып, денсаулығына зиян келтірген. ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес неғұрлым қатаң жазаға толық қосу арқылы түпкілікті 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауыңызды сұраймын.
———————————————