Нұрай Серікбайдың жақындары тергеудің әділ өтуін талап етеді

21 жасында кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың жақындары әділдік талап етті. Тергеу әділ әрі бұрмаланбай жүргізілсін дейді. Алматы қаласында «Сән-дизайн» мамандығы бойынша білім алып жүрген студент қысқы демалысқа үйіне келген. Бір жыл бұрын тойда танысқан жігіт Нұрайға сөз салған. Алайда келісімін ала алмайды. Соған қарамастан алып қашқан. Полицияның көмегімен жақындары Нұрайды жігіттің үйінен алып кетіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арыз жазады. Алайда күдікті оны қайта мазаламайтынына уәде берген соң, кешірім берген екен. 28 жастағы ер адам қызды аңдуын тоқтатпапты. Бұл туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желіде мәлімдеді. «Менің қарындасым ең ақылды, сабырлы, тұйық, жуас қыз болғандықтан барынша басынған. «Жоқ» деген сөзді түсінбеген. Сталкер болған», — деп жазды ол.
ҒАЛЫМЖАН САҒЫМБЕК, НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ ТУЫСЫ:
— Ежелгі дәстүріміз бойынша жуып, арулап шығарып салуымыз керек еді. Қазір ондайға да жағдайымыз келмей тұр. Себебі ауыр жарақаттар салған. Бетін көріп, шошып кеттік. Арқасының өзінен 7 рет ұрған.

КӘРІМ КЕНЖЕТАЕВ, МАРҚҰМНЫІҢ ТУЫСЫ:
— Қыз бен жігіт таныс болған, бірақ қыз бұл жігітті ұнатпаған. Қыз ата-анасына: «Бір жігіт артымнан қалмайды, телефоныма қайта-қайта хабарласады», — деп айтқан. Полиция арыз түскеннен бастап жұмыс жүргізгенде, психолог шақырғанда, баланың ата-анасымен бәрі сөйлескенде бұндай қылмыс, адам өлімі болмайтын ба еді деп ойлаймын.
———————————————