Теміртауда тұрғындар лай су ішуге мәжбүр

Құбырдан келген жарамсыз су. Теміртау тұрғындары қала әкімін жауапқа тартуды талап етуде. Себебі жергілікті билік халықты ескертпестен су желісін ауыстырған. Бұл тіршілік нәрінің сапасына кері әсер еткен. Салдарынан 5 тәулік бойы теміртаулықтар лай ауыз суды тұтынып, ас әзірлеуге де қолданған. «Сала мамандары судың жарамсыз екенін кеш хабарлаған», — дейді тұрғындар.
Соңғы тәулікте Теміртау тұрғындары осындай лайланған ауызсуды тұтынуға мәжбүр. Бір апта бұрын жергілікті билік бүкіл сән-салтанатымен су құбыры желісін іске қосқан. Алайда суды әзір ішуге болмайтынын ескертпеген. Ал «құбырдан неге лай су ағады?» деген тұрғындардың басы қатқан. Коммуналдық қызмет бірер күннен кейін әлеуметтік желілерде біраз уақыт суды тұтынуға болмайды деп хабарлама жазыпты.

ТАТЬЯНА ДМИТРИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл немқұрайлылық үшін, ең алдымен, қала басшылығы жауап беруі керек. Мұнда айыппұл не сөгіс жеткіліксіз. Әкімді, оның орынбасарларын, сондай-ақ «Аквотрейдинг» пен санитарлық қызмет басшыларын ауыстыру қажет деп ойлаймын.

ИРИНА ЖАКУПБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Мұндай суды ірі қараға да бермейді. Ал адамдарды бес күн бойы осы лас сумен қамтамасыз етті. Бұған қалай қарауға болады?! Біздің осы қынжылтады.
Ашуға булыққан теміртаулықтар әлеуметтік желілерде қала әкімін жауапқа беруді, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. Тұрғындар су сынамаларын тәуелсіз сараптамаға басқа қалаға жібермек.

РИНАТ ҚЫДЫРБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Барлық қорытынды бойынша құбырдан таза су ағуы керек еді. Алдын ала жуылған. Жаңа құбырдан лайланған су ағады деп күтпедік. Тиісті органдардың талдауын күттік. Ресми қорытынды алынған соң ғана хабарлама жарияладық.

Осы дау-дамайдың соңында жүргенде су құбырында апат болып, шаһар қайтадан ескі желілерге қосылды. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, теміртаулықтардың үйлеріне уақытша таза ауыз су берілді. Ал жаңасының құрылысына бюджеттен 700 миллион теңге жұмсалған.
———————————————