Павлодар шаруалары сәбізді сата алмай қаламыз ба деп қиналып отыр. Себебі ертеңнен бастап өнімді экспортқа шығаруға тыйым салынады. Қазір өңірдегі қоймаларда 64 мың тонна сәбіз жиналып қалған. Егер бұл өнім уақытында сатылмаса, шіріп кетуі мүмкін.
Павлодарлық шаруа Зейнолла Сәлменбаев көп жылдан бері көкөніс өсірумен айналысады. Күзде сәбізден мол өнім алған. Артылғанын Ресейге сатқан. Енді экспортқа шектеу енгізілсе, фермер табыстан ғана емес, бар өнімінен айырылып қаламын ба деп қорқып отыр.
ЗЕЙНОЛЛА СӘЛМЕНБАЕВ, ШАРУА:
— Біз сәбізді 70-80 теңгеден беріп жатырмыз. Ал дүкендерге барсаң, сәбіз 170-180 теңгеден тұрады. Алушылар мен өндірушінің ортасында делдалдар тұр ғой. Олармен күресе алмайды да, олар бізбен күрескенді жақсы көреді.
Сәбіз – тез бұзылатын көкөніс. Оны өткізудің жолы табылмаса, қоймада шіріп кетеді.
ӘДІЛ ИСИН, АШБ БАСШЫСЫ:
— 64 мың тонна сәбіздің тең жартысы қазір салқындатылмайтын көкөніс қоймасында тұр. Яғни өнім шіріп кетеді деген қауіп бар. Қожалықтардың жартысына жуығында қажет жабдық жоқ.
«Көкөніс өсірушілер қазір ішкі нарық толық қамтылды. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне еш қауіп төніп тұрған жоқ», — дейді. Дәл қазір көкөністі сыртқа шығаруға тыйым салудың еш қажеті жоқ деп есептейді.
НҰРЖАН ӘШІМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Президент әр өңірде көтерме-тарату орталықтарын құруды тапсырды. Оның мақсаты – өнімді сол орталықтар арқылы көтерме бағада өткізу. Ал бізде бұл нарық әлі күнге дейін жабайы деуге болады. Шаруалардың 90 пайызы бейберекет жұмыс істейді. Өнімді біреу келіп алады деп күтіп отырады. Сосын бәрі «импорт кіріп жатыр» дейді. Негізі, жүйенің өзі дұрыс жолға қойылмаған.
Ресейдің Омбы, Новосібір, Барнаул аймағы павлодарлық сәбізді сатып алуға дайын, дейді көкөніс өсірушілер. Егер 15 қаңтардан бастап экспорт жабылса, көптеген шаруашылықтың жағдайы қиындайды. Несие мен лизингті төлеуге қаржы болмайды, ал мол өнімді бір айдан кейін қоқысқа тастауға тура келеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.