СҚО-дағы Тимирязев ауылында IT орталығы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Тимирязев ауылында IT орталығы ашылды. Бұл – Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында іске асқан жобаның бірі. Мұнда оқушылармен қатар, ересектер де цифрлық сауаттылығын арттырып, өз жобаларын жүзеге асыра алады
Ауыл мектебінің оқушысы Даниил SABAQ платформасын әзірлеген. Оның басты ерекшелігі, интернет әлсіз немесе мүлде жоқ кезде де қолдануға болады. Яғни оқушыларға кез келген уақытта қосымша мәлімет қолжетімді. Ауылда ашылған ІТ орталықтың нәтижесінде жоба авторы өз бастамасын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік алған.

ДАНИИЛ СТЕПАНЕНКО, SABAQ БІЛІМ БЕРУ ПЛАТФОРМАСЫН ӘЗІРЛЕУШІ:
— Бұл қосымша оқушыларға математика, физика, алгебра сияқты пәнін оқуға көмектеседі. Сонымен қатар ІТ және робототехника саласын да меңгеруге мүмкіндік бар. Осы уақытқа дейін платформаны жүздеген оқушы қолданып үлгерді. Өзіме келер болсам, ауылда ашылған ІТ орталық менің жобамды одан әрі дамытуға жол ашады.

ІТ орталығында Даниил сияқты өзге де дарынды балалар өз жобаларын дайындап, дамыта алады. Мұнда заманауи жабдықтар мен цифрлық жүйелер орнатылған. Әсіресе жасанды интеллектіні меңгеруге жағдай бар. Сонымен қатар кез келген тұрғын онлайн қызмет түрлерін ала алады. Ал кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы тауарларын сатуды үйреніп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында дәл осындай тағы 6 орталық жұмыс істеп тұр. Биыл наурыз айына дейін олардың қатарын 13-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр.
РУСЛАН АЛИШЕВ, ӘКІМ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Былтыр алты орталық аштық, биыл жетіншісін іске қостық. Жалпы бұл жобаны осы жылдың бірінші жартыжылдығында толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Наурыз айына дейін қалған барлық ауданда орталықтар ашылады, ал маусым айында облыс деңгейінде осы жобаның іске қосылуына арналған ірі іс-шара өткізіледі.

Жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат – халықтың цифрлық құзыреттерінің деңгейін арттыру. Адами капиталды дамытуға жағдай жасап, өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету.
———————————————