Испаниядан үй, Астанадан пәтер және көлік. Клиника басшысының алаяқтық схемасы әшкере болды. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 682 миллион теңге заңсыз алды деген күдікке ілігіп отыр. Тергеу дерегі бойынша, қор 2022 жылы елордадағы екі клиникамен 2 миллиард 400 миллион теңгеге келісімшарт жасасқан. Оның ішінде елді аралайтын жылжымалы медициналық пойыз жобасы да болған. «Алайда қызмет көрсетіле басталған соң, клиника басшысы алаяқтық схема ұйымдастырған», — дейді Қаржы мониторингі агенттігі. Атап айтқанда, медициналық ақпараттық жүйеге ем алмаған адамның деректерін енгізген. Күн сайын 90-нан 150 науқас туралы жалған ақпарат тіркеп отырған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Нәтижесінде клиникалар нақты көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін Қор қаражатынан 682 млн теңге заңсыз төлемдер алған. 2024 жылдың қаңтар айында қылмыстық жолмен алынған табыстың бір бөлігі – 364 млн теңге күдіктінің және оның жұбайының жеке есепшоттарына шығарылған. Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның мүлкіне: Испаниядағы қала сыртындағы үй, Астана қаласындағы пәтеріне, сондай-ақ автокөлігіне тыйым салынды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.