Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Бескөл ауылында осыдан 5 жыл бұрын әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген көпқабатты үйдің сапасы сыр берді. Жылуға жарымай, бүрсең қағып отырған тұрғындар қақаған аязда электр құрылғысын пайдалануға мәжбүр. Айтуларынша, сумен кәріз жүйесі жиі бұзылады. Қабырғалары да сыз тартып, жарыла бастаған. Бұл жайында жауаптылар не дейді?
Алексей Фёдоровтың кезекте 10 жыл тұрып, алған пәтері осы. Айтуынша, баспананың кем-кетігі көп. Тұрғындардың наразылығынан кейін былтыр сумен жабдықтау жүйесі қайта жөнделген. Ал биыл халық жылуға жарымай отыр.
АЛЕКСЕЙ ФЁДОРОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Менің балам – мүгедек. Баспана салқын болған соң бірнеше рет ауырды. Көбінде кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Үйдің ортасындағы пәтерлер ғана жылы. Қалғандарында жағдай мәз емес.
Ал Наталья Шилова бөлмелерді электр құрылғысымен жылытады. Қазір пәтердегі температура 15-16 градустан жоғарламайды. Салдарынан қабырғалары көгеріп, жарыла бастаған.
НАТАЛЬЯ ШИЛОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Екінші жыл қатарынан балконның есігін монтаж көбігімен бікетіп тастаймыз. Артынша көктемде, күн жылыған соң бәрін қайта тазалаймыз. Басқа амал жоқ. Себебі есік дұрыс жабылмағандықтан, жел соғады.
ЕКАТЕРИНА ФОМИНА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Киіммен ұйықтап жүрміз. Қазір аяз күшейді. Мәселені айтып, талай табалдырықты тоздырдық. Бірақ нәтиже жоқ.
Ауданда осы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Жауаптылар олқылықтардың орнын толтыруға уәде етіп, қажет болса кейбір жандарға басқа пәтер беру жағын қарастыратынын жеткізді.
БАХТИЯР БИКЕНОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бірқатар кемшілік анықталды. Бірақ тұрғындарда баспанаға немқұрайлы қарамауы керек. Яғни мұнда әлі күнге дейін мүлік иелерінің бірлестігі құрылмапты. Дербес шот ашылмаған. Салдарынан күзде құбырларды жуып-шаю жұмысы жүргізілмегендігі белгілі болды. Сондықтан осындай проблемалар туындап жатыр.
Бес қабатты жалдамалы үй 2021 жылы пайдалануға берілді. Қазір мұнда жетім-жесірлер, мүгедектілігі бар жандар және көпбалалы отбасылар тұрып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.