Өскеменде сары түсті қар жауған

Өскемен жұртшылығын жақында жауған сары түсті қар алаңдатады. Бір қызығы, мұндай табиғи тосын құбылыс бұған дейін де байқалған. Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында қар ерекше түсті қызғылт реңкке өзгерген. Бірақ экологтар алаңдауға негіз жоқ деп сендірген. Бұл жолы да жағдайды бақылауға алғандарын айтады. Шаһардың өндірістік аймақтарына жылжымалы экологиялық зертхана жіберілді. Сарапшылардың сөзінше, секундына 15-20 метрге дейін жеткен солтүстік-батыс желі қар жамылғысына әсер етуі мүмкін. Зерттеу нәтижелері бойынша, тұрғындар үшін қауіп жоқ. Экология департаментінің ресми дерегінше, Өскеменнің атмосферасына жыл сайын 158 мың тоннадан астам зиянды заттар таралады. Оның үштен бірі өнеркәсіп кәсіпорындарының үлесінде. Қалған бөлігі автокөлік пен пеш арқылы жылытылатын жеке тұрғын үйлерге тиесілі.
АРУЖАН МҰСАХАНОВА, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Ресми статистикаға сәйкес, кәсіпорындардан жылына шамамен 50 мың тонна зиянды шығарынды бөлінеді. Ал автокөліктен шығатын ластаушы қоспа 92 мың тоннаға дейін барады. Бұл екі есе көп. Қалған 14 мың тонна жеке сектордың үлесіне тиесілі.
———————————————