Қазақстанда ересектер семіздігі соңғы 30 жылда 2 есе өскен

Семіздік бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Ересектер ғана емес, балалардың өзі артық салмақ қосып, толықтық түрлі дертке ұшыратуда. Ұлттық статистика бойынша, балалардың 23 пайызы ал соңғы 30 жылда ересектердің семіздікке ұшырауы екі есе артқан. Бұл әрбір 5-ші 6-шы адам артық салмағы бар деген сөз. Мамандар бұл жағдайдың бірнеше себебін атап отыр. Солардың бірі – фастфудпен тамақтану.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Иә, фастфуд деген сөздің өзі ағылшын тілінен аударғанда «жылдам» «тағам» дегенді білдіреді. Лезде әзірленетін асқа көпшілігі зиянды және тұзбен қаныққан көптеген хош иістендіргіш қоспаны араластырады. Тіл үйіретін дәмдеуіштер қосылады. Өзіне тәуелді ететін дәмі болады. Бірақ оның қаншалықты зиян екенін әркім біле бермейді.

Жеңіл асқа жерік көп. Шынымен, кейде сүйікті, бірақ зиянды тағамнан бас тарту оңай емес. Дегенмен фастфуд адам денсаулығына қандай қауіп төндіретінін уақыт көрсетіп отыр. Ата-аналар кішкентай балаларға түрлі гамбургер мен фри картобын сатып алып береді.

САЛТАНАТ НАЗАРОВА, ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Артық салмақтың басты себептері, біріншіден, дұрыс тамақтанбау, яғни газдалған тәтті сусындарды артық мөлшерде пайдалану, фастфудтарға әуес болу. Тұз, қант, трансмайлардың көп мөлшердегі тағам өнімдерін пайдалану, ультра өңделген тағамдарды пайдалану біздің елімізде бүгінгі таңда сұраныста.
«Фастфудтың құнары жоқ. Түрлі майға қаныққан тағамның калориясы көп болғандықтан, семіздік және көп аурудың негізгі көзі», — дейді мамандар.

Әсіресе балалар жиі зардап шегеді. Ұлттық статистика мәліметтері бойынша, елімізде 5-9 жастағы баланың 23 пайызы артық салмақ жинаған. Ал ересектер семіздігі соңғы 30 жылда 2 есе өскен. Ал елдегі нәрлі тағам таратылмай отыр. «Бұған өнімнің өзіндік құны, отандық өнім сақталу мерзімінің қысқалығы, логистика шығыны-осының бәрі фасфудпен бәсекеге түсе алмай отыр», — дейді сарапшылар.

ЛАУРА ӘУТЕЛЕЕВА, САРАПШЫ:
— Бұл мәселе бүгінде өте өзекті және оны кешенді түрде шешу қажет. Біздің ойымызша, «фермер – өңдеу – қоғамдық тамақтану» деген біртұтас тізбек құру керек. Бір жағынан, мемлекет тарапынан қолдау болуы тиіс: түрлі бағдарлама, субсидиялар қажет. Үшінші маңызды бөлік – тұтынушылардың саналы көзқарасы мен білімі. Олар ненің зиянды, ненің зиянсыз екенін ажырата білуі керек. Осындай кешенді тәсіл арқылы пайдалы тағамды тұтыну үлесін арттыруға болады деп ойлаймын.

Семіздік себептің бірі – қозғалыстың аз болуы. Ұлттық статистика бойынша, балалардың 67 пайызы спорттық немесе би үйірмелеріне қатыспайды екен. Яғни артық дене белсенділігіне әуес емес. Ал ересектер 74 пайызының жүріп-тұруы белсенді емес. Гаджеттерге әуестік, электронды құрылғылар алдында ұзақ отыру да семіздікке ұрындырады.
———————————————