АҚШ-қа көшемін дегендердің үміті тағы үзілді. Дональд Трамп әкімшілігі Қазақстанды қоса алғанда 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді уақытша тоқтатты. Вашингтон бұл шешімді «америкалықтардың қалтасын қорғау» деп түсіндіріп отыр. Ал шектеу қашан алынатыны белгісіз.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Америка есігін бір-ақ күнде тарс жапты. 21 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары АҚШ-қа тұрақты тұруға мүмкіндік беретін иммиграциялық виза ала алмайды. Бұл шешімді АҚШ Мемлекеттік департаменті 14 қаңтарда жариялады. Тыйым салынған елдердің тізімінде Қазақстанмен бірге Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Ресей, Өзбекстан секілді мемлекеттер бар. Вашингтонның айтуынша, басты себеп – әлеуметтік жәрдемақы. АҚШ билігі кейбір елдерден келген мигранттар америкалықтардың есебінен өмір сүріп жатыр деп есептейді.
АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕПАРТАМЕНТІ:
«АҚШ Мемлекеттік департаменті америкалықтардың әлеуметтік жәрдемақысын шамадан тыс пайдаланатын мигранттары бар 75 елден келетін иммигранттарға виза беруді уақытша тоқтатады. Бұл шектеу АҚШ жаңа иммигранттардың америкалықтардың есебінен байлық алмайтынына көз жеткізгенге дейін күшінде болады».
Туристік немесе студенттік, іскерлік виза алғысы келетіндерге бұл шектеу жүрмейді. Футболдан әлем чемпионатына баратындарға да рұқсат сақталған. Шектеу тек АҚШ-қа көшіп барып, сонда тұрақтап қалғысы келетіндерге қатысты.
ҒАЗИЗ ӘБІШЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— Менің ойымша, иммиграциялық визасы алдын ала мақұлданған адамдар оны алады. Ал әлі қаралу үстінде жүргендер осы процесте тұрып қалуы мүмкін. Бірақ бұл жерде бастысы АҚШ Қазақстанға ғана емес, жетпістен астам елге иммиграциялық визаны уақытша тоқтатты. Бұл – тұрақты тұруға арналған визалар. Ал туристік, студенттік, іскерлік визалар күшінде қалады. Сондықтан қазақстандықтар үшін жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. АҚШ көші-қон саясатын біртіндеп қатаңдатып келеді, себебі еңбек нарығында қарапайым жұмыс күшіне сұраныс азайып, білікті кадрларға ғана басымдық беріліп жатыр.
Ақ үйдің дерегінше, былтыр екі миллионға жуық шетел азаматы АҚШ-тан шығарылған. Оның 400 мыңы күшпен елден қуылса, қалғандары «өз еркімен кеткен». Қазір Вашингтон грин-карта лотереясына өтініш қабылдауды да тоқтатты.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— АҚШ-қа кіру тәртібі күрделеніп, визалардың бағасы да шарықтаған. Мемлекеттік департамент бұрын берілген 100 мың визаның күшін жойған. Қазақстанда да он жылдық америкалық визасы бар адамдар елшіліктен «визаңыз жарамсыз» деген ресми хат алған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.