«Өз әкесін аяусыз сабады» деп айыпталған Түркістан облысының тұрғынына- екі баппен, 5 жыл жаза берілді. Қинағаны және денесіне ауыр жарақат салғаны дәлелденген. Ал өлтіргенін дәлелдей алмады.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Шардара ауданының тұрғыны Алмас Садақбаев 70 жастағы әкесін 2020 жылдан бері жүйелі түрде ұрып-соққан. Бұл туралы бүгінгі сот отырысында мәлім болды. Сот айыпталушының әкесіне физикалық күш қолданып, тән және психикалық зардап шектіріп, қинағанын мәлімдеді. Ер адам әкесінің дәрменсіз күйін пайдаланып, азаптаған.
41 жастағы Алмас Садақбаев алдағы 5 жылын темір торда өткізеді. Сот оған бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесті. Сотталушының кінәсі өзінің түсініктеме, куә айғақпен, аудио-бейне материалмен, сондай-ақ сот-медициналық сараптама қорытындысымен толық дәлелденді.
МҰХТАР ЖОЛДАСБЕКОВ, СУДЬЯ:
— Оған қылмыстық кодекстің 107-бап 2-бөлігі 3-тармағымен 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК 110-бап 2-бөлігі 1-тармағымен 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК 58-бабына сәйкес, онга қатаң емес жазаны, неғұрлым қатаң жазаға ішінара қосу арқылы, Садақбаевқа түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын!
Алайда Садақбаевтың әкесін өлтіргені туралы дәлел жоқ. Судьяның айтуынша, мәйітке кеш эксгумация жасалған. Өліктің шіруі себебінен өлімнің нақты неден болғанын анықтау мүмкін болмапты.
МҰХТАР ЖОЛДАСБЕКОВ, СУДЬЯ:
— Оның қабырғалары сынған, мұрны сынған. Алайда эксгумацияның кеш жасалғанына байланысты өлім себебі анықталған жоқ. Осыларды қорыта келе, сот Садақбаеваты 110-бап 2-бөлігі 1-тармағы «Қинау», 107-бап 2-бөлігі 3-тармағы «Орта дәрежелі денсаулыққа залал келтіру» бойынша кінәлі деп тауып, осы бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске салайық, өткен жылдың күзінде ер адамның мүгедек әкесін ұрып-соғып жатқан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен дау туғызды. Ұлының әкесіне деген қатыгездігін көрші үйдің кәмелетке толмаған қыздары жасырын видеоға түсіріп, зейнеткер қайтыс болғаннан кейін интернетте жариялаған.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Сотталушы Алмас Садақбаев бірнеше уақыт ауыл мешітінде азаншы болған. Кейін мәдениет үйінде жұмыс істепті. Сонымен қатар өңірге белгілі асаба болып, халықтың ортасында жүрген. Айта кетейік, Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар ретінде – оның бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, өкініш білдіруін, кәмелетке толмаған балалары болуын ескерді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Ал соттың шешіміне қатысты ер адамның туыстары пікір білдіруден бас тартты. Еске салайық, Алмас Садақбеков жарыссөзде және өзінің соңғы сөзінде істеген ісі үшін өкінетінін айтып, жылап, барша қазақ елінен кешірім сұраған еді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.