«Нұрайдың оқиғасы басымнан өтіп жатыр»: қызылордалық ару өміріне қауіп төніп тұрғанын айтты

«Нұрайдың оқиғасы басымнан өтіп жатыр». Әлеуметтік желіде қызылордалық ару өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қақты. Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген 4 айда Ақмола, Атырау және Павлодар облыстарында бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен ескі танысынан, әлдеқашан ажырасып кеткен күйеуінің қудалауынан қиындық көріп жүргендер әлі де көп сияқты. Қудалауға түсіп, қорғансыздың күйін кешкен марқұм қыз Нұрайдың өлімінен кейін ашық та, жасырын жариялай бастады.
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қудалауға түсіп, кісі қолынан мерт болғаны кеше. Осы қайғылы оқиғадан кейін жеке өміріне қол сұғып, психологиялық қысым көріп жүргендер өздері жайлы жариялай бастады. Солардың бірі – Жазира Қуанышбай есімді қызылордалық бойжеткен. Өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ол жарты жылдан бері өзін әлдебіреу мазалап жүргенін жеткізген.

«Тура Нұрайдың оқиғасы менің басымнан өтіп жатыр. Қызылордада тұрамын, полиция мен прокуратураға 2-3 рет арыз жаздым. Жүрген жерімде 102 шақырып қайтамын немесе жалғыз жүрмеймін. Прокуратура мұндай істі қарамайтынын айтып, полицияға ысыра салды. Ал полицияға бапты көрсетіп, сол адам туралы барлық деректі бердім. Аңдып жүрген фото, видео дәлел бар. Сонда да номенклатуралық іс деп жылы жауып қойды».

Іс насырға шаппасын десек, жас қыздың жан айқайы жауапты органдарды ойландыруға тиіс. Бірнеше рет жазылған шағымға жауап ала алмай, налыған қыз амалсыздан әлеуметтік желіге жүгініп отыр. Осыдан кейін ғана Қызылорда полициясы жауап беріпті.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
«Сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының бақылауында».

«Зорлық-зомбылықсыз, бірақ адамның жеке өміріне қол сұғатын заңсыз қудалаудың өзі қылмыс», — дейді заңгер. Жаңа заң қабылданғаннан бері елімізде сталкингке қатысты Ақмола, Атырау және Павлодар облысында қылмыстық іс қозғалған.

Бұл бап бойынша егер де азаматтың іс әрекетінде сталкинг нышандары болған жағдайда ол адамға жаза ретінде 200 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Немесе 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Тіпті 50 тәулікке қамау жазасы да қарастырылған.
———————————————