Петропавлда 75 жастағы әйелді үсік шалып, қайтыс болды. Зейнеткер 14 қаңтар күні күндізгі сағат бір шамасында емханаға барамын деп шығып, сол күйі үйіне оралмаған. Ұялы телефоны өшірулі болған соң, жақындары бірден полицияға хабар беріпті. Айта кетейік, кейуананың ұмытшақтық ауруы бойынша есепте тұрғаны белгілі болды. Сондықтан ол медициналық мекемені таба алмай қалған деген алдын ала болжам жасалуда. Учаскелік полиция инспекторы зейнеткерді тек екінші күні таңда қалалық емханалардың бірінің аумағынан алыс емес жерде, яғни бұталардың арасынан анықтады. Ал денсаулық сақтау басқармасының өкілдері болса, ол кезде оның ес-түссіз болғанын айтуда. Алғашқы көмек көрсетілгенімен зейнеткердің жүрегі жедел-жәрдем көлігінің ішінде тоқтап қалған.
НҰРСҰЛТАН ЕЛЕУСІЗОВ, ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Зейнеткерді іздестіруге 60-қа жуық адам жұмылдырылды. Алайда қатты аяз бен түнгі уақыт жұмысты айтарлықтай қиындатты. Қазір бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Пациентті тексеру барысында оның жағдайы өте нашар екені белгілі болды. Сонымен қатар ол ес-түссіз күйде болды. Барлық реанимациялық жағдай жасалып, кейін сол жерде оны қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылданды. Өкінішке қарай, ауруханаға жетпей, науқас қайтыс болды. Оның толықтай денесін үсік шалған.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.