Ақтау – Бейнеу тасжолындағы автобус апатынан 4 адам қаза тапты

Ақтаудан Бейнеуге бағыт алған жолаушылар автобусы аударылды. Жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. 4 адам оқиға орнында қаза тапты. 42 жолаушы жараланды. 17-сі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары амбулаториялық ем алуға жіберілді.Оқиға ізімен қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ақтаудан Бейнеу ауданына бағыт алған жолаушылар мінген автобустың тағы бір жолаушысы ауруханада көз жұмды. Облыстық әкімдік жанынан жедел штаб құрылып, жол апатының салдарын жою, зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша кешенді шаралар қабылданған. Бейнеу ауданына жоғары санатты білікті дәрігерлер тобы мен денсаулық сақтау басқарммасының басшысы жіберілген. Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккендер бас-ми жарақаттары, кеуде қуысы мен ішкі ағзалардың соғылуы, сүйек сынулары сынды ауыр жарақаттар алған.
БИБІЗАДА ДҮЙСЕНБАЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫНЫҢ ОРЫНБСАРЫ:
— Өкінішке қарай, оқиға орнында 4 адам қаза тауып, бір адам Бейнеу көпбейінді ауруханасына жеткізіліп, қаза тапты. Қазіргі таңда жалпы 13 адамның жағдайы қанағаттанарлық. 3 науқас және реанимациялық бөлімде ем қабылдап жатыр. Әрі қарай емдеу тактикасын қарау мақсатында біз Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен, шұғыл ұлттық медициналық үйлестіру орталығымен тығыз байланыстамыз.
———————————————