Денсаулығың жарамаса, көлік жүргізбе. Құзырлы органдар диспансерлік есепте тұрған 370 мыңға жуық азаматты тексеріп шықты. Нәтижесінде, көлік тізгіндеген 2 мыңнан астам азаматтың жүргізу куәлігінің күші жойылды. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен автоматты деректер алмасу жүйесін іске қосты. Психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлік есепте тұрған азаматтар туралы деректер құзырлы органның базасына тікелей түсіп отырады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Жаяу жүргіншілер үшін жолдағы қауіп әлі де сейілер емес. Себебі рөлде отырған жүргізушінің денсаулығы бақылаусыз. Кейбір азаматқа медициналық себеппен көлік басқаруға тыйым салынғанымен, жүйелі бақылау болмағандықтан бұл талап жиі бұзылып келген. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары азаймай отыр.
Бұл мәселе Бестерек ауылында болған қайғылы оқиғадан кейін өзекті бола бастады. Эпилепсия дертіне шалдыққан 52 жастағы жүргізуші көлікпен алты баланы қағып, үшеуі қаза тапты. Ал Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен талапқа сәйкес, мұндай науқасқа көлік басқаруға мүлдем тыйым салынған. Қоғамдық резонанстан кейін құзырлы органдар медициналық бақылауды күшейтті. Нәтижесінде, диспансерлік есептегі 370 мыңға жуық адамның 60 мыңының қолында жүргізуші куәлігі бары анықталды. Денсаулығы көлік жүргізуге келмейді деген талаппен 2 мыңнан астамының жүргізуші куәлігінің күші жойылды.
ӘСЕЛ ҚЫДЫРӘЛИЕВА, ДСМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Жүргізуші куәлігін алуға абсолютті және салыстырмалы қарсы көрсетілімдер бар. Егер ауыр диагноз анықталса, ешқандай жағдайда куәлік берілмейді. Ал салыстырмалы қарсы көрсетілімдер кезінде көліктің түріне байланысты, дәрігердің нақты қорытындысымен ғана рұқсат етілуі мүмкін. Сонымен қатар азамат жүргізуші куәлігін бірнеше жыл бұрын алғанымен, кейіннен денсаулығында қарсы көрсетілім тудыратын ауру пайда болуы ықтимал.
Яғни мәселенің түйіні – жүргізуші куәлігінің он жылда бір рет берілуі және сол аралықта адамның денсаулығындағы өзгерісті елеп-ескермеуі. Осы уақыт ішінде сырқат асқынып, көлік басқару қауіпті болуы мүмкін. Заңгерлердің айтуынша, медициналық тексерістің атүсті жүргізілуі немесе мүлде қадағаланбауының салдары ауыр.
ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:
— Кез келген азаматтың ауруы анықталған жағдайда 3 немесе 2 айдан кейін медициналық көрсеткіштеріне қарай қайтадан куәландыру өткізу керек. Яғни ол азаматқа емделіп кеткен жағдайда әрі қарай жүргізу куәлігін алуға мүмкіндік беру керек.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен автоматты дерек алмасу жүйесін іске қосты. Психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлік есепте тұрған азаматтар туралы деректер ІІМ базасында көрінеді.
ӘСЕЛ ҚЫДЫРӘЛИЕВА, ДСМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Бүгін және қазіргі режимде толыққанды интеграция жасалып отыр. Бұл – диспансерлік есепте тұру, тұрмауы. Яғни жүргізуші куәлігін алуға келген науқастың қандай да бір диагнозбен есепте тұрғаны көрінеді. Қарсы көрсетілімі бар азамат жүргізуші куәлігін алуға өтініші білдірген автоматты түрде шығады.
Сарапшылар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізушілердің медициналық тексерісін қатаң бақылау керек дейді.
АРСЕН ШАКУОВ, ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазір жол апаттарының бірқатары «жүргізуші рөлге ие бола алмады» деп тіркеледі, бірақ оның нақты себебі терең зерттеле бермейді. Ал шын мәнінде инсульт, инфаркт, эпилепсия сияқты аурулар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізушінің өзі де не болғанын түсіндіре алмайды. Сондықтан бұл норманы күшейтіп, әрбір жүргізушіні жүйелі тексеру қажет.
Сарапшылар жүргізушілерге қойылатын медициналық талапты қатаңдатып, тұрақты тексеруді заңмен бекіту жолдағы адам өлімін азайтудың тиімді тетігі екенін айтады. «Бұл шаралар апаттың салдарымен емес, алдын алумен күресуге мүмкіндік береді», — дейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.