Оралдықтар күткен заманауи кардиоорталық қашан бой көтереді?

Оралда 2004 жылы облыстық кардиологиялық орталық ашылған болатын. Медицина мекемесі өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған, бұрынғы шипажай ғимаратында орналасқан. Бұл жер – қала сыртында және су басу қаупі бар аумақ. Ем алушылардың қатынауы үшін де қолайсыз. Тұрғындар заманауи орталық сұрап келеді. Халықтың сұранысы қашан жүзеге асады?
Орталықта науқастарға кардиохирургиялық көмекпен қатар, жүрекке ашық операция да жасалады. Тек өткен жылы 5 мыңға тарта адам осы жерде денсаулығын түзепті. Өңір тұрғындары алысқа шаппай, жергілікті жерде ем-дом алады. Соңғы уақытта жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандар артқан. Соған сәйкес орталықтағы орын да тапшылық тудырып отыр. Есептелген 156 орыннан бөлек, дәліздерде қосымша кереуеттер қойылған.

ТҰРСЫН РАХМЕТҚАЛИЕВА, ЕМДЕЛУШІ:
— Сәрсенбі күні кешке келіп түстім. Қан қысымым жоғарылап, тынысым тарылды. Тиісті емін жасап, бөлімшеге ауыстырды. Алғашқы түнді дәлізде өткіздім. Сосын палатаға ауыстым. Қазір жағдайым жаман емес. Қысымым 180-нен 110-ға түсті.

Қазіргі орталық қала сыртында, Деркөл өзені жағалауында орналасқан. Бірнеше рет топан су астында да қалды. Жөнделді, қайта жаңғыртылды. Енді Орал қаласында 550 орындық жаңа көпбейінді аурухананың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Ақжайық шағын ауданынан жер телімі бөлінген. Заманауи кешенде жоспарлы және шұғыл медициналық көмек көрсетіледі.

НҰРКЕН МОЛДАШЕВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Жобаның құны 122 миллион теңгеге шығып тұр. Құрылыстың құны жоспар бойынша 30-40 миллиард теңгенің айналасында болады. Бұл аурухананың көлемі – 25,5 мың шаршы метр.

Жаңа ауруханада терапия, хирургия және кардиологиялық қызмет бір орталықта шоғырланады. Заманауи медициналық жабдықпен де қамтамасыз етілмек.

Ендігі міндет – құрылысты уақытылы бастап кету. Өйткені аурухананы 2028 жылы ашу жоспарланған.
———————————————