Қ. Тоқаев: Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірнеше бөлімін қайта қарау қажет

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында Жұмыс тобының атқарған қызметі баяндалып, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер айтылды. Отырыста депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, сондай-ақ оның биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері жайы сөз болды.
Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екеніне назар аударды. Саяси жүйені одан әрі реформалаудың маңызы мен мазмұнына тоқталған Президент институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата Заңымызға осыған дейін енгізілген өзгертулерді ескерсек, жұмыс тобының ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салмақты ой пікір айтқан белсенді азаматтар мен сарапшыларға ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғана аталып өткендей, жұмыс тобына Парламенттік реформа тақырыбынан тыс өзге де көптеген ұсыныс келіп түсті. Онда басқа да билік институттарының тиімділігін арттыруға қатысты бастамалар бар.

Жиында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан, қоғамдық бірлестіктерден e-Otinish және eGov платформалары арқылы келіп түскен ұсыныстар жайында ақпарат берді. Бірнеше ай ішінде саяси партиялардың барлығы, ондаған үкіметтік емес ұйым, бизнес-қоғамдастық өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылардан конституциялық реформаға қатысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс келіп түскен. Ал мемлекеттік кеңесші жұмыс тобы мүшелерінің ортақ пікірін жеткізіп, бұл өзгерістер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін айтты

ЕРЛАН КАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:
— Былтырдан бері жұмыс тобы бірнеше рет жиналды. Әр отырыстың қорытындысы бойынша, Парламенттік реформаға қатысты нақты ұсынымдар әзірленді. Олардың барлығы жүйелі түрде жинақталып, жан жақты сараланды. Жұмыс тобы тарапынан Парламент құрылымына, құрамына, өкілеттігіне қатысты ұсынылып отырған өзгерістер өте ауқымды. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға жол ашады деп ойлаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын жеткізді. Саяси жүйені одан әрі реформалаудың маңызы мен мазмұнына тоқталған Президент институционалдық негізді терең жаңғырту және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет екенін айтты.
———————————————