Д. Трамп Қ. Тоқаевты Газа мәселесі бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесіне шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанды Газа мәселесі бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына шақырды. Бұл ақпаратты- Tengrinews агенттігіне, Қазақстан Президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылардың арасында алғашқылардың бірі болып аталған кеңеске ресми шақырту алған. Сондай-ақ Қазақстан бұл бастаманың, құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болуға ұсыныс алған. Тоқаев АҚШ президентіне хат жолдап, шақыру үшін алғысын білдіріп, кеңестің мүшесі болуға келісімін растаған. Қазақстанның мақсаты – Таяу Шығыста, тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге, мемлекетаралық сенімді нығайтуға және жаһандық тұрақтылықты қолдауға үлес қосу.
Айта кетейік, Бейбітшілік Кеңесін құру туралы Трамп өткен жылдың желтоқсан айында жариялаған, оның құрамында ең маңызды мемлекеттердің басшылары болады деп жоспарланған.
———————————————