Баласын аяусыз сабаған жаркенттік ана қамауға алынды. Ол енді ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ақпараты бойынша, зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілген. Бүлдіршін бауырымен бірге қазір отбасын қолдау орталығында.
Жұрттың жағасын ұстатқан оқиға Жаркентте болған. Әйелдің төрт жастағы ұлын батареяға байлап қойып, қатыгездікпен ұрып-теуіп жатқан сәтін біреу видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан. Полиция келіншектің кім екенін анықтады. 28 жастағы әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.
РУСЛАН ЧАРАПИЕВ – ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жаркент қаласындағы WhatsApp топтарында таратылған бейнежазба фактісі бойынша Панфилов аудандық полиция қызметкерлері жедел түрде тексеру жүргізді. Тексеру барысында 28 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғаны анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мән-жай анықталғанға дейін отбасын қолдау орталығына орналастырылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.