Шымкентте әйел балаларының денесін үтікпен күйдірген

Шымкент қаласында әйел өз балаларына қорлық көрсеткен. Ұлы мен қызын аяусыз ұрып, денесіне ыстық үтік басқан. Қазір балалар ауруханада. Олардың тек физикалық қана емес, психологяилық жағдайы да нашар. Ал безбүйрек ана қамауға алынды.
Шымкент тұрғыны үлкен қызының шашын алып, баланың аузына қыздырылған шанышқы басқан. Бүлдіршіндердің денелерін үтікпен күйдірген. Өз анасынан зәбір көрген балалар қазіргі таңда ауруханада әжелерімен бірге емделіп жатыр.

МУХАББАТ ЕРГЕШОВА, БАЛАЛАРДЫҢ ӘЖЕСІ:
— Соңғы кезде қатты ұрып кетті. Үтік басқан, темірмен, үтіктің тоғымен ұрған. Қошқаратаның суына барып батырған. Шаштарын алып тастаған, жұлған. Бір-екі жерін сіріңкемен күйдірген. Вилканы газға қойып, баланың аузына басқан. «Ұрмашы, ұрмашы» деп түнімен жылап шығады.
29 жастағы әйел – төрт баланың анасы. 9 және 11 жастағы екеуі мектепке келмеген соң, ұстаздар дабыл қаға бастағын. Үйге барып тексерген мұғалімдер балалардың жағдайын көріп, дереу полицияға хабарлапты.

ҰЛҒАН МАМЕШОВА, №56 ЖОМ ДИРЕКТОРЫ:
— Дүйсенбі күні балалар сабаққа келмеген соң, оның үстіне ата-ана «үш бірдей баланың тісі ауырып жатыр» дегеннен кейін және қыздың басына жара шықты» деген соң, бізде күдік пайда болды. Тәрбие жөніндегі орынбасар мен сынып жетекшісін үйіне жібердім. Бұған дейін ол кісілер отбасы жағдайы бойынша есепте тұрмаған. Балалар себепсіз сабақтан қалмаған.

Балалардың әкесі Францияға нәпақа табуға кетіпті. Ол әйелмен бұрын ажырасқанын айтты. Балаларының жағдайына алаңдаулы әке олардың анасының жазалағанын қалайды. Ал бала құқығы жөніндегі уәкілдің айтуынша, 4 және 1 жастағы кішкентайлар мемлекет қарауына алынған.

Бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал балалардың анасы қамауға алынды. Іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ жиналған материалдар әйелді ата-ана құқықтарынан айыру мәселесін қарау үшін кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданады.
———————————————