Сәтбаевтағы бөбекжайда қараусыз қалған балалар көшеге шығып кеткен

Сәтбаев қаласындағы бөбекжайлардың бірінде қараусыз қалған балалар көшеге шығып кеткен. Бұл оқиға мектепке дейінгі мекеменің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрдан шамамен 4-5 жастағы екі қыздың ұйқыдан оянып, өздігімен киініп, далаға шыққандары айқын көрінеді. Бүлдіршіндеді бухгалтер көрген. Алайда әйел ешқандай шара қолданбаған. Осылайша балалар жарты сағат сыртта жүрген. Жылап жатқан қыздарды осы маңнан өтіп бара жатқан адамдар байқап, оларды ата-аналарына тапсырған. Қазіргі уақытта балабақша меңгерушісі, тәрбиешілер және олардың көмекшілері жұмыстан уақытша шеттетілді. Ал ата-аналар қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген тәрбиешіні жұмыстан босатуды талап етуде. Білім басқармасында комиссия құрылып, қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқаны хабарланды.

ГҮЛБАНУ ХАСЕНОВА, СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қызметкерлер тәртіптік жауапкершікке тартылады. Мектепке дейінгі ұйымның директоры да, тәрбиешілері де мән-жай толық анықталғанға дейін уақытша жұмыстан шеттетілді. Жағдай бақылауда. Мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Осы жағдайға байланысты ата-аналардан кешірім сұрап, балаларға көмек көрсеткен азаматтарға алғыс білдіреміз.
———————————————