Солтүстік Қазақстан облысында екі өрт болып, екі адам ажал құшты. Қызылжар ауданына қарасты Пришимка ауылында жер үйде газ баллоны жарылып, 50 жастан асқан ер адам қаза тапты. Ал екінші жағдай Ольшанка елді мекенінде болды. Апат кезінде 5 жасар қыз бала тірідей өртеніп кетті.
Айта кету керек, анасы пеш жағып, оны сыртынан қамап кеткендігі белгілі болды. Алдын ала болжам бойынша, қызыл жалын пешті дұрыс пайдаланбаудан шыққан болуы мүмкін. Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды. Ал әйел адам қамауға алынды.
ЛЕВОН ДЖАНУНС, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Әйелді ата-ана құқығынан баяғыда айыру керек еді. Бұған дейін екі мәрте комиссия келіп тексеріп, ескерту жасап кетті. Баланың киетін киімі, тамағы болмай қалатын. Ал әйелдің өзі ішімдікке жақын. Енді, міне, арты осылай аяқталып отыр.
ӘДІЛ СПАЕН, ТЖД БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Оқиға орнына Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданынан құтқарушылар жіберілді. Яғни өртті ауыздықтауға 31 адам мен 10 техника жұмылдырылды. Біздің мамандар жеткенше баспана толығымен отқа оранған. Жалпы қатты аязға байланысты өңірде әсіресе жеке секторда өрт оқиғалары жиілеп кетті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.