Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры енді Қаржы министрлігінің бақылауында болады. Үкімет басшысы салаға жүргізілген аудит нәтижесін тыңдап, осындай шешім қабылдады. Олжас Бектенов жымқырылған ақшаға қатысты барлық материалды тез арада құқық қорғау органдарына беруді тапсырды.
Ер адамдар жатыр мойны обырына тексеріліп, маммологтың қабылдауында болған. Басынан дау арылмайтын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы былықтарды Қаржы министрі жайып салды. Мысалы, қордан көбірек ақша алу үшін терапевтер қайтыс болған мыңға тарта адамды «емдедік» деп көрсеткен. Бір дәрігер бір күнде 400 науқасты қабылдадым десе, стоматолог маман бір күнде 300-ге жуық адамның тісін қарадым деп жалған құжат тіркеген. Тағы бір ақ халатты абзал жан екі балаға әрқайсысына 63 мың «Димексид» дәрісін жазып берген. Ең сорақысы, дәрігерлер маммографиядан өтті деп жігіттердің аты-жөнін тіркеп қойған.
МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— 1,8 млрд теңгеге пациенттің жынысына сәйкес келмейтін 769 446 скринингті өткізу жағдайы тіркелді. Мәселен, 768 827 ер адам әйел ауруы саналатын жатыр мойны обырына скринингтен, 619 ер адам маммограммадан өтті деп көрсетілген. Тек бір Қарасай аудандық ауруханада осындай 11 123 жағдай анықталды.
Аудит жеке клиника иелерінің қор ақшасына әбден байығанын көрсетті. Клиника қожайындарының табысы мен мүлкін тексерген салықшылар олардың 2 жылда бас-басына 3-4 пәтерден, 2-3 автокөліктен сатып алғанын анықтаған. Біреуі тіпті 124 жылжымайтын мүліктің, екіншісі 24 автокөліктің иесі болыпты. Бұл ақпарат Олжас Бектеновтің де жағасын ұстатқан сыңайлы. Премьер-министр Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Денсаулық сақтау министрлігі қарамағынан алып, Қаржы министрлігінің бақылауына берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Биылға екі жарым триллион қарастырылған, бұл өте көп қаржы. Оның едәуір бөлігі жымқырылып жатыр. Мади Төкешұлы, барлық материалды бүгін құқық қорғау органдарына жолдаңыз. Менің ойымша, қорды Қаржы министрлігінің қарауына беру керек. Ол Денсаулық сақтау министрлігінде болмауы тиіс. Өйткені қор, ең алдымен, қаржылық ұйым. Біз қорды қаржыландыруды қысқартуымыз керек. Осы айтылғанның бәрінен-ақ біз бөліп отырған қаражаттың халыққа медициналық қызметті сапалы көрсету үшін артығымен жеткілікті екені анық көрініп тұр.
Үкімет басшысы қорға келіп-кетіп жатқан қыруар қаржы ағынын бақылау үшін барлық жүйені біріктіріп, адам баласы ештеңе шешпейтіндей етіп цифрландыруды тапсырды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.