Қазақстанның саяси жүйесін үлкен өзгерістер күтіп тұр. Елде Конституциялық реформа жүргізіледі, сондай-ақ кадрлық өзгерістер де болады деп жоспарланып отыр. Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің атауын өзгерту, мемлекеттік кеңесші лауазымын жою және Қазақстанның Халық кеңесін құру туралы бастамаларды жариялады. Бұл жаңашылдықтардың барлығы саяси жүйені жетілдіруге бағытталған.
АЙЗАТ ТҮРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл Форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы – Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аймағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихы бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне, қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. «Бұл – халқымыз үшін орны ерекше аймақ», — деді Ммемлекет басшысы.
Төрт жылда құрылтай мүшелері ел өміріне ықпал ететін көптеген маңызды бастама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді. Жиында Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалу үшін жаңа құрылатын Парламентті Құрылтай деп атау ұсынылған. Президент оны қолдады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.
Талқылау кезінде Парламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылды. «Бірақ мен жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс», — деді Президент. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталатын болған.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәселе – санда емес, сапада!
«Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс! Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек», — деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ елімізде Халық кеңесі институты құрылады. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың ендігі миссиясын атқарады. Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны қалыптастыру тәртібі Конституцияның жеке бөлімінде және арнайы Конституциялық заңда регламенттеледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар вице-президент лауазымы енгізіледі. Ал болашақта Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады. Бұл – бүгін сыр елінде өткен бесінші құрылтайда көтеріліп, қолдау тапқан негізгі бастамалар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.