V Ұлттық құрылтай: 200-ден астам ұсыныс жеткізілді

Қызылордада V Ұлттық құрылтай қорытындыланды. Көптеген саяси бастама мен маңызды шешім айтылды. Көпшілік күтпеген тосын жаңалықтар құрылтай мүшелерін де қуантты.
Алқалы жиынға жер-жерден келген 120-ға жуық құрылтай мүшесі секция отырыстарына қатысып, қаланың көрікті жерлерін аралап, 2 күн қонақ болды. 100-ден аса БАҚ өкілі жедел ақпарат таратты. Ұйымдастырушылардың тыңғылықты, жатпай-тұрмай дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Мемлекет басшысы да жоғары баға берді. Жалпы Қызылорданың даму қарқыны мен атқарылған жұмыстарға келген қонақтар да дән риза.

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
— Соңғы 1-2 жылдық ішінде қаншама нысан салынды. Әуежайдан түскеннен бастап көңіл күйің көтеріледі. Жаңа әуежай, жаңа стадион салынды. Қаншама ғимараттар, теннис орталығы, өнер мектебі. «Таза Қазақстан» Қызылордада бұрыннан басталып кеткен тәрізді.

V Ұлттық құрылтай саяси реформалар мен серпінді бастамаларға толы болды. Бір-бірімен қауқалдасып, суретке түсіп үлгеріп жатқан қатысушылар оны өзара талқылап та жатты. Бірі былтырғы жиынды қорытындылап, өткенге есеп беруде. Ал бірі айтқан ұсынысы Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқанына қуанышты.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
— Өткен құрылтайда Мемлекет басшысы шекаралық аумақтарды дамытуға байланысты заң жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Парламент Мәжілісі осы заң жобасын дайындап, қазіргі кезде талқылауды бастады. Яғни осы заң қабылданса, шекара маңында орналасқан 65 ауданның 3,5 млн-ға жуық халқының тұрмысы жақсарады.

ҚАРЛЫҒАШ ЖАМАНҚҰЛОВА, ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕСІ:
— Әйелдерге қатысты квота туралы сөйледім. Өзіңіз естідіңіз Президент өзінің сөзінде осы квотаны қолдайтынын айтты. Соған өзім ерекше қуанып тұрмын.

Жалпы құрылтай секциясы барысында 70-ке жуық қатысушы сөз алған. Олар 200-ден астам ұсынысын жеткізген. Оның бірқатары негізгі жиында Мемлекет басшысы алдында баяндалды.
———————————————