Нұрай Серікбайдың өлімі: полиция сталкинг бабы бойынша тексеру жүргізіп жатыр

Шымкент полициясы қаланың қақ ортасында кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сталкинг бабы бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Бұған дейін әлеуметтік желіде Нұрайдың жақындары күдіктінің қызды аңдығанын, алып қашқанын, қорқытып-үркіткенін жазған еді. Олар құқық қорғау органдарының дер кезінде әрекет етпегеніне шағымданған болатын. Қазіргі таңда полиция департаменті тарапынан куәлер мен Нұрай Серікбайдың жақындарынан жауап алынып, сот сараптамасы жүргізіліп жатыр. Адвокаттың айтуынша, полиция қасақана адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғаған. Жәбірленуші тарап істі қылмыстық кодекстің 99-бабының екінші бөлігі бойынша, яғни аса қатігездікпен, бұзақылық ниетпен, дәрменсіз күйдегі адамды өлтіруге саралау үшін өтініш хат жолдады. Егер дәл осы бап бойынша күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ жәбірленуші тараптың адвокаттары полиция департаментіне Нұрайдың жазған арызы бойынша сұрау хат жолдағанын хабарлады.
АЯНХАН ОМАРОВ, АДВОКАТ:
— Ұлттық құрылтайда Президентіміз айтып өткеніндей, жәбірленуші Нұрай Серікбай күдікті жігіттің аңдығанын хабарлаған. Тергеу органдарымен осы жайт қазір тексерілуде. Оған қоса, ол алдын арызданғаны және арыз қаралған деген ақпарат бар, ол ақпарат та тексеріліп жатыр. Нұрайдың арыз жазғаны, оған қандай жауап берілгені туралы нақты мәлімет жоқ. Ол бойынша сұрау салу хаттарын жолдадық. Жауаптарын алғаннан кейін қандай жауап беріліп тұр, соған сәйкес жасалған қылмыс туралы арыз беріледі.
———————————————