Президент жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау берді | 20.01.2026

Жүргізуші: Оксана Петерс — https://www.instagram.com/oksana_peters_tv

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ
Парламенттің болашақ атауы Құрылтай болады. Ал Қазақстан халқының Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың ендігі миссиясын Қазақстанның Халық Кеңесі атты жаңа институт атқарады. Сонымен қатар вице-президент лауазымы енгізіледі. Бүгін Мемлекет басшысы сыр елінде осындай ұсыныстар айтты.

155 РЕТ ЕРЕЖЕ БҰЗҒАН
Жамбыл облысында жол ережесін 155 рет бұзған жүргізуші ұсталды. Ол 126 рет жылдамдықты әдейі асырып, 29 рет жол белгілерін елемеген. Енді оған қомақты айыппұл салынады. Ал көлігі айып тұрағына қойылды.

12 МЛРД ТЕҢГЕ
Атырау облысының әкімдігі 12 млрд теңгені мақсатсыз жоспарлаған. Мәселен, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы 10 қызметтік пәтерді нарықтағы бағадан үш есе қымбатқа сатып алуға әрекеттенген. Заң бұзған 84 лауазым иесі жауапқа тартылды.

ЖОЛДАҒЫ КӨМЕК
Өскемен мен Алматыны жалғайтын тас жол бойында күшейтілген бекет іске қосылды. Мамандар сарышұнақ аязда жолда кідіріп қалған жолаушыларға шұғыл көмек көрсетеді. Дәл осы трассамен тәулігіне 8 мың көлік әрлі-берлі қатынайды.

ЖЫЛЖЫМАЛЫ КІТАПХАНА
Енді қоғамдық көлікте де кітап оқуға болады. Оралда «Кітаппен бірге жолда» жобасы бастау алды. Жолаушыларға көркем әдебиеттің тұнығына тереңдеп, үздік шығармадан рухани азық алу ұсынылады.