«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаржылық қитұрқылар әшкереленіп, кінәлілер жазаланады. Тексеру басталды», — деді Олжас Бектенов. Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қызылордада өткен V Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды. Білім беру саласын реформалау бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізілмек. Енді элиталы жекемешік мектептер мемлекет қаржысынан қағылуы мүмкін.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында шынымен де ауқымды заңбұзушылықтар анықталды. Мемлекет басшысының айтуынша, Құрылтай барысында жалған есептер мен құжаттарды қолдан жасау деректері белгілі болды. Мұның бәрі бюджет қаражатының өте үлкен көлемде ұрлануына әкеп соққан. Тексеру нәтижесі жүйеде нағыз бейберекетсіздік бар екенін көрсетті.
Мәселен, Астанада бір дәрігер бір күнде 1400-ден астам науқасты «қабылдаған», ал екіншісі бір айда шамамен 5 мың адамды тіркеген. Есептерде қайтыс болған адамдарға көрсетілген қызметтер, сондай-ақ пациенттің жынысына сәйкес келмейтін жүз мыңдаған скрининг тіркелген, тіпті ер адамдарға жасалған маммографиялар да болған. Осы жағдайларға байланысты Медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарауына берілуде. Айта кету керек, тексеру жұмыстары қазірдің өзінде басталды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
— Мемлекет басшысы Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкіметтің шешімін қолдады. Тиісті тексерулер басталып кетті. Кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады. Медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесі осы жылдың 1 шілдесіне дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялануға тиіс. Бұл қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтай барысында Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру тетігін реформалау жөнінде шаралар қабылданатынын да атап өтті.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
— Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру тетігін шұғыл реформалау, сондай-ақ қаржыландырудың нақты критерийлерін әзірлеу міндетін қойды. Оқу-ағарту министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізуді тапсырамын.
Мемлекеттік қаржыландыру мен өңірлердің оқушы орындарына деген шұғыл қажеттілігін жабатын жекеменшік мектептер ғана қамтамасыз етілгені тиіс, — деген Премьер-министр қымбат элиталық мектептерді қаржыландыруды тоқтату керектігін айтты. «Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне 20 ақпанға дейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік, экономикалық және цифрлық салалардағы алаяқтық фактілері мен схемаларын анықтау, жолын кесу және ашу бойынша жүйелі шаралар әзірлеуі тиіс», — деп бірқатар тапсырма берді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.