Шымкентте жол-көлік дауы кісі өлімімен аяқталды

Шымкентте адам өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша күдіктілер ұсталды. Еске салайық, қаланың қақ ортасында болған жол-көлік оқиғасы төбелеске ұласып, соңы пышақтасумен аяқталды. Топтық төбелес салдарынан бір адам қайтыс болды. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан, белгісіз біреулердің ер адамдарды қуып жүріп, аяусыз соққыға жыққанын көруге болады.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Қанды оқиға қаланың орталығындағы Рысқұлов пен Ерімбетов көшелерінің қиылысында болған. Төбелеске қатысушыларға айналадағы толған бейнебақылау камерасы да, бағдаршамда тұрған көліктер мен жүргізушілер де кедергі болмаған. Полицияның мәліметіне сүйенсек, көлік жүргізушілерінің арасында келіспеушілік туындаған. Бірақ ерегістің соңы жаппай төбелеске ұласқан.

40 жастағы ер адамды күдіктілер оқиға орнынан күшпен көлікке салып алып кеткен. Бұл сәт тіпті бейнекамераға да түсіп қалыпты. Кейінірек оның мәйіті Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы аурухананың автотұрағынан табылды.

АЛЕКСАНДР КОЛЕСНИКОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
— Біз оны қатты сағынатын боламыз. Ол көршілеріне әрдайым көмектесетін, денесі мығым, күрестен спорт шебері еді. Бұл – біз үшін өте ауыр қайғы. Екі рет арқасынан пышақтапты. Қандай да бір өзара жанжал болған сияқты, нақты білмеймін, мен оның жеке өміріне ешқашан араласқан емеспін. Қазір бұл туралы айту да жүрекке ауыр. Ол үйден шығып бара жатып: “Әке, мен кеттім”, — деді. Кейінірек қайтыс болғаны туралы хабар жетті.

Оқиға салдарынан тағы бір адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

ТАЛҒАТ ШАУЕНОВ, ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
-1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Науқастың сол жақ кеуде қуысынан пышақ жарақаты анықталып, шұғыл түрде операциялық ем жүргізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, реанимация бөлімінде қарқынды ем қабылдап жатыр.

Қылмысқа қатысты күдіктілердің төртеуі ұсталды. Бұл жайт бойынша «адам өлтіру», «бұзақылық» және «адамды ұрлау» баптарымен қылмыстық іс қозғалды.

АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасуда. Күдіктілерді анықтап, ұстау мақсатында Полиция департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Шымкент полициясының жұмысын сынға алып, Ішкі істер министріне жағдайды қадағалауға тапсырма берген еді. Президент тапсырмасынан кейін департамент басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның орынбасары және тағы бірқатар лауазым иесі қызметінен босатылды.
———————————————