Риддер қаласында бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын әрі 200 төсек-орынға арналған стационары бар көпсалалы медициналық кешен бой көтерді. Нысан қайтарылған активтер есебінен тұрғызылды. Оның құрылысына арнаулы қордан 28 миллиард теңге жұмсалды. Ал ескісі әбден тозып, апаттық жағдайда тұр.
Риддерлік дәрігерлер жаңадан бой көтерген кешенді аралап жүр. Медициналық ұйым озық құралдармен жарақталған. Тіпті шамдардың өзі цифрлық басқару жүйесімен жабдықталған. 45 жыл еңбек өтілі бар хирург Қырықбай Уашпаевтың айтуынша, мұндай орталық қалада бұрын-соңды болмаған.
ҚЫРЫҚБАЙ УАШПАЕВ, ДӘРІГЕР-ХИРУРГ:
— Бізде хирургиялық, терапиялық бөлімдері бар аурухана болған. Артынша бәрі біріктірілді. Салдарынан бұрынғы перзентханада жұмыс істедік. Ол жер тарлық ететін.
Медициналық кешенге 12 миллиард теңгенің қондырғылары орнатылады. Нәтижесінде дәрігерлер күрделі операцияларды енді өздері жасай бастайды.
НҰРЖАН МҰҚАЖАНОВ, БАС ДӘРІГЕРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жаңа жабдықтардың арқасында науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артады. Қазір жоғары технологияны қажет ететін операциялар бар. Енді халыққа алысқа сабылудың қажеті жоқ.
Әр бөлімшенің жеке блогы болады. Нысанның ашылуын науқастарда асыға күтіп жүр.
Медициналық орталыққа білікті мамандар қажет. Ал Риддерде бұл мәселе өзекті.
ДУМАН РАХМЕТҚАЛИЕВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
— Бізге 59 маман қажет. Сондықтан болашақта аурухана қызметкерлеріне ғана емес, сондай-ақ мұғалімдер үшін де баспана салу жоспарда бар. Өйткені қалада жаңа білім ұялары бой көтеруде.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Риддер секілді моноқалаларға жұмысқа барғысы келетін азаматтарға 1 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін көтермеақы төлеу мүмкіндігін қарастыруда. Жалпы елімізде 2024 жылдан бастап мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 183 медициналық нысан салынып жатыр. Сондай-ақ өңірлердегі 30 орталық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілуде.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.