Тараздық дәрігерлер сал ауруының салдарын емдеудің жаңа тәсілін меңгеріп жатыр

Таразда сал ауруы салдарынан пайда болатын аяқ-қолдың зақымдануын түзетуге арналған шеберлік сабағы өтіп жатыр. Іс-шараны Беларусь елінен келген медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты травматолог-ортопед Юрий Лихачевский жүргізді. Шеберлік сабағында жергілікті дәрігерлер тірек-қимылы бұзылған балаларға бұлшықетті ұзарту арқылы жасалатын заманауи операция тәсілдерін меңгеріп жатыр. Мұндай ем балалардың өздігінен жүруіне немесе қозғалыс қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді. Операция азғана тілікпен, яғни ағзаға көп салмақ түсірмейтін тың әдіспен жасалады. Бес күн ішінде тараздық дәрігерлер шетелдік маманмен бірлесіп аяқ-қолдың күрделі патологиялары бойынша шамамен жиырма операция жасауды жоспарлап отыр.
ЮРИЙ ЛИХАЧЕВСКИЙ, ТРАВМАТОЛОГ-ОРТОПЕД /МИНСК/:
— Қазіргі таңда әлемде кеңінен қолданылып жүрген жаңа технологияны пайдаланамыз. Біз баланың жүрісін жақсартуға мүмкіндік беретін белгілі бір бұлшықет топтарын ұзартамыз. Қазір аяқ-қол кемістігі зардабын тартып жүрген балалар үшін бұл – үлкен үміт. Сонымен қатар басқа да күрделі патологиялар бойынша да операция жасауды жалғастырамыз. Кеше тізе буынындағы тізе тобығының орнын қалпына келтірдік.
———————————————